Русский Сайттың толық нұсқасы

Көршінің мазасын алғандар 20 мың теңгеге жуық айыпұл арқалайды

Көпқабатты тұрғын үйлерде көңілді отырыс, пәтер жөндеу секілді у-шу жұмыстар түн ортасына дейін жалғаспауы қажет. Тіпті есін біліп қалған баланың өзі беймезгіл уақытта шуласа, ата-анасы айыппұл арқалайды. Бұл бұрыннан бар заң. Келер жылдан бастап беймезгіл уақытта көршінің мазасын алатындарға салынатын айыппұл тағы да өседі. 

Астаналық көпбалалы ана Нұргүл Үсеноваға көршілері бір емес, бірнеше рет шағымданған. Іргелес тұрғындар балалардың шуын көтере алмайды. Ойын жасындағы бала болған соң, секіреді, ойнайды, арасында жылап та қалады, дейді кейіпкер.

НҰРГҮЛ ҮСЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бала болған соң ол бір орында отырмайды ғой. Бала болған соң шулайды, жүгіреді, ойнайды. Сондықтан көршілердің сәл жақтырмайтыны бар енді. Шағым айтып жатады. Ауырған кезінде жылайды. Барынша жұбатып, тыныштандыруға тырысамыз. Бір-бірін қуалап жүріп, кейді құлап қалып, жылай береді.

Елордада жыл басынан бері мыңдаған адам көршісіне шағымданып, полицейлерге арыз түсірген. Бір ғана ауданның өзінен 2 мыңнан аса хаттама толтырылған. Олардың біразына заңды шара көрілді. Тұрғындар көбіне балалардың у-шуына шағымданады. Жаз айларында аулада түнгі 1-2-ге дейін футбол ойнаған балалардың ойынын тоқтату үшін шақыртулар түседі, дейді полицейлер.

НҰРАЛЫ ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ПБ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:

Қыс айларында, қазіргі уақытта көбінесе балалардың, яғни кішкентай балалардың шулап жүгіргеніне де шағымдар түсіп жатады. Бұған да біз заңды шаралар көреміз. Бірақ баланың үйде жүгіріп ойнауы заң бойынша құқық бұзушылыққа жатпайды.

Иә, баланың жүгіріп ойнауы құқық бұзушылыққа жатпайды. Есін біліп қалған балаға жұмыс күндері таңғы сағат 9-дан түнгі 10-ға дейін шулауына рұқсат. Ал демалыс күндері 11-ден бастап асыр салып ойнауына болады.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:

Шуды жеке-жеке бөлмейді, категориямен. Бала жыласа қалай болады. Префоратор жұмыс жасаса деп. Яғни жалпы талап бар. Жалпы талап бойынша бұл шумдар 45 дцб-ден аспауы керек. Заң талаптары бойынша шулау фактсіне айыппұл салынады. Бірақ ол кішкентай нәресте болса ол үшін айыппұл салынбайды.

Нәресте жыласа айыппұл салынбайды. Алайда 7-8 жастан асқан балаңыз мазаны алса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде шығынға батасыз. Сондай-ақ келер жылдан бастап беймезгіл уақытта тәртіп бұзған тұрғындар 19 660 теңге, бір жыл ішінде қайталанса, 39 320 теңге айыппұл арқалайды. Ал кәсіпкерлер тыныштықты бұзса, 78 640 теңгеден – 589 800 теңгеге дейін айыппұл төлейді.

Жалпы жұмыс күндері сағат 22-00-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат түнгі 11-ден, таңғы 10-ға дейін шулауға тыйым салынады.