Табак өнімдерін заңсыз саудалап жатқандардың саны азаяр емес. Астанананың Байқоңыр ауданының өзінде жыл басынан бері 3 тонна насыбай тәркіленген. Сауда орындарының маңында, дүкендер мен дүңгіршектерде әлі де жасырын сатылуда. Учаскелік полицейлермен бірлесіп Сүндет Оралбек рейдке шықты.
Арнайы рейд кезінде тәртіп сақшылары Байқоңыр ауданындағы базарлар мен дүңгіршектерді тінтіп шықты. Мақсат – қалай да денсаулыққа зиян өнімнің саудасын кесіп, таралуына жол бермеу.
Базарда тыйым салынған тауарды саудалап жатқандар болмады. Дүңгіршектерді тексеру кезінде егде жастағы әйелдің жасырын сатып отырғаны анықталды. Бірақ сатушы дес бермеді, дорбасынан шыққан насыбайды менікі емес деп шырылдады. Қасарысқан саудагерді сақшылар бөлімшеге алып баруға мәжбүр болды. Ісінің заңсыз екенін түсіндіріп, хаттама толтырылды.
НӘБИ ОМАРОВ, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ №27 УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ПУНКТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:
3 кг насыбай тәркіленіп, оны ары қарай әкімдікке өткіземіз. Ол кісіге 192 баб бойынша 92 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Акимат қызметкерлері келеді, Ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп айына екі рет рейд өткізіп тұрамыз.
Насыбай - бағасы арзан болғанымен денсаулыққа тигізер зияны көп. Ол онкологиялық ауруларға, мидың кебуіне алып келеді.
ТОҚТАР ҚОЙШЫБЕКОВ, НАРКОЛОГ:
Насыбайға есірткілік нәрселерді қосып жатыр дейді. Ол ұрпаққа да әсер етеді дейді. Әрине, ол міндетті түрде зияны өте көп. 1-2 жағын ғана біз анықтадық, зерттедік. Ал, толық зерттеу көрсетілмеген. Созылмалы обструктивті өкпеның аурулары көп тарап бара жатыр. Қатерлі ісіктер пайда болып жатыр.
Мамандар еріннің астына салып, сілекейін жұтып, былш-былш түкіргендер болашағын ойласа дейді. Себебі, зардабы ауыр, залалы көп.