Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдермен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдермен танысты. AIemai халықаралық жасанды интеллект орталығы Nur Alem сферасында орналасады. Мемлекет басшысына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев орталықтың жобаларын көрсетті. Орталық елімізді жасанды интеллектке бағдарланған мемлекетке айналдыруды көздейді. Сондай-ақ қоғамдық және экономикалық өмірінің барлық саласында ақпараттық технологиялардың дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. 

Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, орталық жанынан Tomorrow School және Tumo Education мектептері ашылады. Онда жоғары білікті мың маман даярлау жоспарланған. Сондай-ақ оқушыларға бағдарламалау, роботты техника мен басқа да креативті технологияларды үйрету мақсаты тұр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздің ІТ сектордағы әлеуеті зор. Бүгін бәріміз осыған куә болдық. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланып, технологиялық дербестікті нығайтуға айрықша назар аударуымыз керек. Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды.

Мемлекет басшысы онсыз болмайды деді. Себебі қазір әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатқанын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Одан түскен пайда 2030 жылға қарай 20 трлн доллар болмақ. Бұл әлемдегі жалпы ішкі өнімнің 75 пайыз лдеген сөз. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет,

Президент азаматтардың жасанды интеллект саласындағы сауатын ашып, біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударды. Бес жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндетіне ерекше көңіл бөлген жөн, деді. Сондай-ақ оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсетілуге тиіс екенін айтты.