Алюминий қалдықтары нормадан асып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті кезекті тексеру барысында «VECTOR-LED» ЖШС тарапынан заң бұзушылықты анықтады. Ұйым өз алаңында үлкен қаптармен көп мөлшерде алюминий жоңқалары, шлактар, құйма, брикеттер және жеңіл қорытпа дисктерді сақтаған.
Экологиялық кодекстің 41-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, қалдықтарды орналастыру лимиті тиісті полигонның өндірістік қуатына сәйкес әрбір күнтізбелік жылға белгіленеді. «VECTOR-LED» ЖШС жылына бес тонна қалдық шығарды, ал бұл лимиттен асып түсуде.
Шамдарды шығаратын ұйым қоршаған ортаға кері әсерін тигізгендіктен, экология департаменті істі сотқа беруге мәжбүр болды.
Сот отырысында «VECTOR-LED» ЖШС директоры өз кінәсін толық мойындап, құқықбұзушылық жасалған жер мен уақытты сотта дауламады. Ол сотта шлак жеңіл легірленген автокөлік дөңгелектерін шығаратын «Вектор-Павлодар» ЖШС қызметінен пайда болғанын түсіндірді.
ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының төртінші бөлігінде экологиялық рұқсатсыз қоршаған ортаға антропогендік әсер ету салдарынан қызметке үш жылға тыйым салу көзделген. Бірақ сот кінәлі тұлғаның істеген ісіне өкінетінін мойындап, жауапкершілікті жеңілдеткен.
– «VECTOR-LED» ЖШС Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 328-бабының төртінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір жыл мерзімге қызметіне тыйым салумен 2 584 400 теңге көлемінде айыппұл салынсын, – деп жазылған сот қаулысында.
Қаулы заңды күшіне енді.