Биыл Жетісу облысында жалпы өнім 6 процентке өсіп, 781 миллиард теңгені құрады. Өңір жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 7 пайызға дейін жеткізуге ниетті. Экономикада да өсім бар. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту жолға қойылған. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жетісу облысындағы жұмыс сапары кезінде айтылды. Президент өңірдегі бірқатар өнеркәсіп және әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары «Талдықорған» индустриялық аймағында орналасқан өндірістік аккумулятор шығару зауытының жұмысымен танысудан басталды. Құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын жоба былтыр қолға алынып, алдымен ғимараты жаңарды. Бюджет қаражатына электр жабдықтары орнатылып, кәріз және газдандыру желілері тартылған. Аумағы 14,3 гектар болатын зауыт осыдан алты күн бұрын іске қосылды.
Зауыт жылына 210 мың аккумулятор өндіреді. Дайындалған өнімнің 60 пайызын ТМД және Балтық елдеріне экспорттап, қалған 40 процентін отандық нарықта сатуды жоспарлап отыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекет мықты болсын десек, ең алдымен, өңірлеріміз қуатты болуы керек. Өндірісі дамыған елге айналу үшін осы салаға көңіл бөліп отырмыз. Стратегиялық маңызы бар Жетісу облысына ерекше назар аударамыз.
Биыл өңірде 247,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 4,1 процентке көп. Жыл басынан бері аймаққа 327,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осы ретте жеке инвестициялар саны 1,6 есе өсті. 190 жоба қолға алынып, 11,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Биыл 54,9 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба іске асырылып жатыр.
Осыдан кейін Президент Ынтымақ ауылында биыл пайдалануға берілген №30 мектепке барды. 1200 оқушыға есептелген білім ошағының құрылысы жергілікті бюджеттің және Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен қаржыландырылған. Заманауи үлгіде жабдықталған мектепте 77 оқу кабинеті, мультимедиа сыныптары, спорт, гимнастика, мәжіліс пен кітапхана залы, ағаш, металл және тігін шеберханасы бар.
Мемлекет басшысы мектепке автобус сыйға тартты. Жалпы, биыл Жетісу облысында 3 жаңа мектеп ашылған. Оның ішінде екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды.