Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысы Тереңөзек кентінде 140 отбасы қоныс тойын тойлады

Қызылорда облысында құрылыс қарқынды. Жаңа мектептер, тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Сондай игі бастаманың нәтижесінде Сырдария ауданы Тереңөзек кентінің тұрғындары да жаңа баспанаға қол жеткізді. Облыс әкімі үйлерді аралап көріп, кілттерін табыстады. 

Әсем Айкөпешова 7 баланың анасы. Осыған дейін ескі, ыза тартқан үйде жан бағып келіпті. Алтын алқа иесі 5 жыл бұрын құжаттарын рәсімдеп, үй кезігіне тұрған. Енді міне, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа баспанаға қол жеткізді. Қоныс тойын тойлап жатқан отбасының қуанышында шек жоқ.

ӘСЕМ АЙКӨПЕШОВА, АУДАН ТҰРҒЫНЫ:

Балаларымыздың несібесі. Үй жақсы, жарық, кең, жылы. Бәріне рақмет айтамын. Жаңа жылға қарсы, жаңа баспанамен жаңа үміт. Берекелі үй болсын дейміз. Шаңырағымыз кең болсын.

Тереңөзек кентінде соңғы жылдары мемлекет тарапынан жаңа үйлер көптеп салынуда. Арендалық үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға берілуде. Дәстүрге айналған оң бастаманың арқасында былтыр 70 отбасы баспаналы болған еді. Биыл олардың қатары 140-пен толықты.

АЙГҮЛ ДАЙРАБАЕВА, АУДАН ТҰРҒЫНЫ:

Кезекте тұрғаныма 6-7 жылдың көлемі болды. Өзім жаңа жыл қарсаңында үйге ие болып жатқаныма қуаныштымын облыс әкімінің қолынан. Балдардың несібесі ғой енді. Сол үшін қуаныштымын. Мына үйлер өте әдемі, таза, жарық, кең.

Кент жыл өткен сайын гүлденіп, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Биыл аудан бюджеті 17 млрд теңгеге жуықтаған. Бұл кентегі түйткілді мәселелердің оң шешілуіне сеп болуда. Аймақ қазына да жылдан жылға еселенуде. Облыс әкімі атқарылған жұмыстарды бағамдап, тұрғындардың қуанышымен құттықтады.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Жаңа пәтер кілттері біздің тұрғын үйге мұқтаж азаматтарымызға табысталып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда аймағымыз Мемлекет басшысының, Үкіметтің қамқорлығының арқасында қарқынды даму үстінде. Ең негізгі макро көрсеткіштер бойынша аймағымыз осы жылы алғашқы орында келе жатырмыз.

Аймақта жаңа үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғын пәтерлі болған. Ал жыл басынан бері 1500-ден аса отбасы қоныс тойын тойлаған.