Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында әлемдік деңгейдегі екі қонақ үйдің құрылысы басталады

Алматы облысында әлемдік деңгейдегі төрт және бес жұлдызды брендтік екі қонақ үй салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингте айтты. Биыл өңірге 778 млрд теңге инвестиция тартылған. 

Аймақта инвестиция көлемі артуымен қатар көрші елдермен ынтымақтастық та нығаюда. Қазір Алматы облысы әлемнің 60-тан астам еліне өнім экспорттайды. Бір жылда шетелге тауар жеткізу көлемі айтарлықтай өскен.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінде облыс 63 елге өнім экспорттаса, оның 90 процентін өңделген өнім құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемі 565 млн доллардан 581 млн долларға дейін өсті.

Қазір өңірдегі жаңадан құрылған Алатау қаласында да біршама жұмыстар атқарылуда. Бас жоспары бектіліп, шекарасы сызылған қаланы заманауи шаһар ретінде дамыту үшін халықаралық тәжірибеге сүйенуде.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Алатауды заманауи қала ретінде дамыту үшін біз Сингапур мен Қытай елдерінен кеңесшілерді тарта отырып, халықаралық тәжірибеге сүйенудеміз. Бұл елдер қала құрылысы, инфрақұрылым, көлік жүйесі және «ақылды» технологиялар арқылы қаланы басқару саласындағы жетістіктерімен танымал.

Өнер ордасының мәдениет саласында да қарқынды даму бар. Екі ауданда мәдениет үйлері салынуда. Тағы 6 ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО деңгейінде атап өту аясында іс-шаралар ұйымдастырылған. Туған ауылы Нарынқолда жазушыға ескерткіш орнатылып, орталық саябаққа есімі берілді. Сондай-ақ, шығармалары шет тілдеріне аударылды. «Менің атым Қожа» кітабы француз тіліне аударылып шығарылды. Парижде тұсаукесері өтті.

Қазір аймақта үш ауысымдағы 37 мектеп бар. Осы мәселені шешу мақсатында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мың 900 орындық 26 мектептің құрылысы басталған. Сондай-ақ 47 медициналық нысан салынып жатыр.