Кірсең темекі, жүрсең мүңкіген иіс, қарасаң қалдық. Тұрғын үйлердің кіреберісі мен балконында темекі шегетіндер көп. Қоғамдық тәртіпті бұзғандарға қандай шара қолданылады? Айбек Салдатбек жауап іздеді.
Темекі шегеді, қалдығын әр жерге тастайды, салдарынан жағымсыз иіс қолқаны қауып, жүрген-тұрғанның мазасын алады. Бір өкініштісі сыртта емес, тұрғын үйдің кіреберісінде.
БОТАГӨЗ УАЙЛЬДИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қайда қарасаңыз да темекі. Қызметкерлер қалдықтарды бүгін жинаса, ертең тағы шашылып жатады. Кіреберісте, балконда жастарға дейін жиналып темекі шегіп тұрады.
Үйдің ішін былғағанын қойып, темекісі мен сіріңкесін төбеден оңды-солды төмен қарай лақтыра салатындар аз емес. Оның зардабын тартып отырғандар да бар.
ЮНИР ХАСАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Есіктің алды, үйдің маңы темекі қалдығына толы. Оның бәрін үстіңгі қабаттағылар тастайды. Осындайда астыңғы жақта тұратын бізге қиын. Әйелім үнемі шағымданады. Жағымсыз иіс, бір таусылмайтын қоқыс әбден мезі етті.
Заң бойынша кіреберістер мен балконда темекі шегуге болмайды. Құқық бұзғандар айыппұл арқалайды.
ҚАЙСАР ӘБІЛДӘ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ПБ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" заңнамасында көрсетілгендей 110-шы бабында, осындай балкондарда, немесе тұрғын үй жайларында, подъездерде темекі шегуге тыйым салынады. Тыйым салынғанын тыңдамастан тұлғалар шегіп жатқан жағдайда 55380 тг көлемінде әкімшілік айыппұл салынатын болады.
АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
Адамдар тыйым салынған жерге темекі шегіп қана қоймай, оның қалдығын есіктің қуысына, үйдің бұрышына тастап кетеді. Оны тазалау, одан шығатын иіс тіпті үлкен мәселе. Міне, бір құты толды.