Русский Сайттың толық нұсқасы

Оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеу: Тағы бір айыпталушыға сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 13 желтоқсан 2024
  • 128

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы К.-ға қатысты екі қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZINFORM.

Бұл бойынша кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту (ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабы 3-бөлігі 2) тармағы), сондай-ақ сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену (ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағы) фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.

— Сотталушы жәбірленушінің кәмелетке толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Сондай-ақ, бірнеше рет бірқатар жәбірленушінің сеніміне қиянат жасап, жер телімін бір мезгілде бірнеше адамға сатқан. Оған қоса облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекетке барған. Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер прокурордың пікірімен келісті. Ал қорғаушы тарап сотталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша ақтауды, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Сот шешімі бойынша сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді, — деп мәлім етті Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.

Ведомство мәліметінше, сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуын, соттылығының болмауына назар аударды. 

— Қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 асыруға болмайды делінген. Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмысық кодексінің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деп толықтырды аталған соттан.

Қазір облыс соттарының өндірісінде аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабының 2-тармағы (жеңгетайлық) бойынша 2, ҚР қылмыстық кодексінің 299- бабының 3-тармағы (есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар.