Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 12 мың шақырым автомобиль жолы жөнделуде

Биыл елімізде бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалар халық игілігіне берілді. Түркістан облысы Шақпақ баба асуында ең ұзын туннел ашылса, Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін ең ұзын көпір салынды. Ал Шамалғандағы жолайырығы қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді. Салада атқарылған іс көп. Толығырақ Сүндет Оралбек тарқатсын. 

Инфрақұрылымды жаңғыртып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттардың бірі. Президент саладағы түрлі жобалардың сапасын арттырып, қаражаттың жұмсалуын мұқият бақылауға баса назар аударады. Осыған байланысты Үкімет 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын бекітті. Ол төрт негізгі бағытқа бөлінген 204 жобаны қамтиды. Бірінші бағыт – энергетика саласы. Биыл еліміздің жылу энергетикасын дамытудағы маңызды кезең болды. Себебі, салаға айтарлықтай әсер еткен бірнеше маңызды келісімдер мен заңдарға қол қойылды. Ведомства «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 14 жобаны іске асыруға 52,7 млрд теңге бөлді. Оның алтауы жылумен қамтуға, сегізі электрмен жабдықтауға бағытталған. Қазір осы жобалардың екеуі пайдалануға берілген. Бұдан бөлек салаға тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 327 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, ірі нысандарды жөндеу жұмыстары да қарқынды жүруде. 9 энергия блокта, 53 қазандықта және 39 турбинада күрделі жөндеу аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекет басшысы өз жолдауында баса айтқан еді.

Ұлттық инфрақұрылым жоспары 204 жобаны қамтиды:

Энергетика 46 жоба

Көлік 59 жоба

Сумен жабдықтау 89 жоба

Цифрландыру 10 жоба

«Жылу-электр энергиясын дамыту» бағдарламасы:

14 жоба

52,7 млрд теңге

Жылумен қамту 6 жоба

Электрмен жабдықтау 8 жоба

«Ақжайық» ЕТЖК пайдалануға берілді

Инвестиция көлемі артты:

Қаржы 327 млрд теңге

9 энергия блок

53 қазандық

39 турбина

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет. Бұл жұмыс, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс. Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе.

Еліміз Еуразияның дәл ортасында орналасқан. Яғни, тоғыз жолдың торабы. Бұл бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сол үшін көлік-логистика саласына айрықша мән берген жөн. Биыл бұл бағытта ауыз толтырып айтатындай ауқымды жұмыс жасалды. 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жолға қойылған, оның 7 мың шақырымы аяқталуға жақын. Еліміздің негізгі өңірлері мен халықаралық көлік бағыттарын байланыстыратын төрт маңызды автожол дәлізін реконструкциялаудың аяқталуы жылдың басты жетістіктерінің бірі. Ұзындығы 272 шықырым болатын "Атырау - Астрахань" тас жолының пайдалануға берілуін тұрғындар 6 жылға жуық күткен. Енді міне әр бағытта ені 3,75 метрден тұратын екі жолақты асфальт төселген. Жоба аясында 6 көпір, 1 жолөтпе, 60 су өткізгіш құбыр салынып, 10 демалыс орны абаттандырылды. Сондай-ақ, 650 жарық бағанасы орнатылып, қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді.

12 мың км жол жөнделуде

7 мың км аяқталуға жақын

АЗАМАТ ҚАБДЫҒАЛИЕВ, “ҚАЗАВТОЖОЛ” АҚ АОФ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Хамит Ерғалиев ауылы маңындағы Бақсай көпірі арқылы өтетін көпірдің қоршауын орнату жұмыстары ғана қалды. Жақын уақытта толық аяқтаймыз. Әзірге ескі көпірмен жүріп жатыр. Жол жұмысын толық аштық. 2025 жылға жол жиектерін нығайту, таңбалар салу, жол белгілерін орнату жұмыстары қалды. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауысты. Бұл екі елдің сауда қатынасын жақсартып қана қоймай, жол маңындағы елді-мекендердің жамуына әсер етеді деп ойлаймын.

Биыл 1400 шақырымнан асатын темір жол магистралі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 143 жолаушы вагоны, 185 локомотив және 1,5 мың жүк вагоны жаңартылды. Жыл соңына дейін тағы 30 жолаушы вагоны жеткізіледі деп жоспарланған. Әуе көлігін дамыту да назардан тыс қалмады. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Жақын арада Шымкенттегі әуежайда қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек, еліміздегі 8 әуежайда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

1400 шақырым темір жол жөнделді:

143 жолаушы вагон

185 локомотив

1500 жүк вагон

30 жолаушы вагон