Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатпен қарсы алды.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін екі елдің Президенттері кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшылары жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп жатыр. Жоғары деңгейде өтіп жатқан келіссөздер барысында Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық перспективасы талқыланбақ.
Бұған дейін 18 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало Астанаға ресми сапармен келетінін хабарлаған едік.