Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкент тұрғыны әлеуметтік желіден көрген кеңес бойынша емделемін деп опық жеді

Өздігінен ем іздеймін деп бір өлімнен қалды. Шымкент тұрғыны әлеуметтік желіден естіген кеңес бойынша емделемін деп опық жеді. 50 жастағы әйелдің басынан башпайына дейін бөртіп, кей жері күлдіреп қалған. Қазір №2 қалалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Айтуынша, соңғы екі айдан бері көтеріліп жүрген қан қысымын өз бетінше түсірмек болыпты. Құрамында «алма сірке суы қышқылы, куркума және имбирь қосылған бөтелкеге құйылған сұйықтықты жеке дүкендердің бірінен сатып алған көрінеді. Әйел бұл емді қазан айында бастаған. Желтоқсанда денесі бөртіп, қыши бастапты. Айналдырған төрт күнде аурухана төсегіне таңылдым дейді. 

Күніне 1 үлкен қасыққа толтырмай іштім. Бұны маған ешкім кеңес берген жоқ. Өзім «тик-токтан» көрдім. Магазинді көрдім. Давлением түспей қойғасын іштім. Ішкен едім, давлениеме көмектесті. Екі айдан кейін осы басталды. Бірінші басым қышыды, денем қышыды. Қолдарыма шықты. Ал ертесіне система салып болғасын күшейе бастады ғой бәрі...

Аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов соңғы кездері осы секілді артық қыламын деп тыртық қып, денсаулығын құртып жатқандардың көп екенін айтады. Артық салмақтан арыламын деген, омыртқа ауруынан айығам дегендер, тіпті қант диабеті диагнозы барлардың өзі ауруханадан бір-ақ шығып ес жиып жатқанын жеткізді. 

БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, № 2 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Осындай диагнозбен түскен жағдайда көп жағдайда 90 процент ол кісілер қайтыс болып кетеді. Бұл кісіге дер кезінде көмек көрсетілді. Жақсы көмек көрсетілді. Дұрыс көмек көрсетілгеннің нәтижесінде қазір енді аман-есен қалып отыр. Жалпы мен дәрігер ретінде айтайын дегенім: осы интернет арқылы, әлеуметтік желі арқылы, соның ішінде тик-ток арқылы көптеген дипломы жоқ құр мамандар осы түрлі ауруларды емдеу бойынша нұсқаулар береді. Кейде қандай дәрі ішу керектігін де айтып жатады. Осыдан зардап шегіп жатқан науқастар өте көп.