Түркістан адам танымастай түрленеді. Түркі елінің астанасына ерекше мәртебе берілмек. Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді қалада бейберекет құрылысқа тыйым салынады. Дизайн-кодқа сәйкес бір типтегі ғимараттар бой көтермек. Киелі мекеннің дамуына қатысты мәжілісмендер бірқатар ұсыныс айтты. Мәселен, Ардақ Назаров Түркістан қаласында ішімдік ішуге және сатуға қарсылығын білдірді. Бұл қаншалықты мүмкін? Мөлдір Жақан жалғастырады.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын депутаттар біраз талқылады. Оған, тіпті, ауырып тұрған тамақ та кедергі болмады.
Кемшіл тұстарын жіпке тізді, тың бастама да көтерді. Мәселен, «Ер түріктің бесігі» деп Мағжан жырлаған қасиетті Түркістан жері арақ-шараптан біржола тыйылуы мүмкін. «Шетелдіктерден ұят емес пе?» деген депутат Ардақ Назаров қала тұрғындарын тура жолға салмақ болды.
АРДАҚ НАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде ата-бабаларымыз, әулие, батыр-билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақтар келеді. Сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шықса ұят қой. Осы заң аясында біз Түркістан қаласында арақ ішуге, сатуға тыйым салсақ.
Сөйтсе Түркістан облысында бұған дейін «Ішімдіксіз ауыл» жобасы жүзеге асырылыпты. Оған 30-дан астам ауыл атсалысқан. Алайда туристер ағылған шаһарда ішімдікке тыйым салынса, қыруар қаражаттан қағылатын бизнес өкілдеріне бұл бастама ұнай қоймайтыны анық.
БЕЙСЕНБАЙ ТӘЖІБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Түркістан қаласының негізгі басымдық бағыты рухани-мәдени бағытымен қатар туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес өкілдері тарапынан осы мәселеге түрлі көзқарас туындатып отыр. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданғаннан кейін бұл мәселені тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз.
Түркістанға жыл басынан бері 950 мың турист келді. 1 трлн-ға жуық инвестиция тартылды. 3 жыл бұрын қалада 38 қонақ үй болса, қазір 68 қонақ үй жұмыс істеп тұр. "Алдағы уақытта Түркістан – Мәскеу, Түркістан-Баку рейстерін ашу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр" дейді жауаптылар. Туризм мен инфрақұрылым дамып жатыр деп ауыз толтырып айтқанымызбен, депутаттар әлі де кемшілік көп екенін жеткізді.
Туризм демекші, халықтың сүйікті көрнекі жеріне айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне құлау қаупі төніп тұр. 6 ғасыр бойы міз бақпай тұрған кесененің ғимараты соңғы жылдары сыр бере бастаған. Қабырғасы тұзданып, төбесі көгерген.
ЕВГЕНИЙ КОЧЕТОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Кесененің аумағында орнатылған жасыл желектер, ағаштар мен газондарды суару ескерткіштің жағдайына әсер етеді. Тиісті ғылыми зерттеулердің нәтижесінде аталған жұмыстарды тоқтату қажет делінген. Осы орайда Түркістан облысы әкімдігі суаруды тоқтатты. Реставрациялық жұмыстар жалғастырылады.
Аталған заң жобасы аясында ұлттық қолөнершілердің шығындарының бір бөлігі жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Қазіргі уақытта Түркістанда 30-дан астам қолөнерші жұмыс істейді. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 88,5 млн теңге бөлінеді. Бүгінде Түркістанда 19 республикалық және 5 жергілікті тарихи- мәдени ескерткіш орналасқан. Тарихи ескерткіштер төңірегінде құрылыс жұмыстары шектеледі.
НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Кесенені қорғау аймағына, аймағының шекарасына, іргелес жатқан 100 метр қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ түсі, құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін ескерткіштер салуға жол берілмейді.
Депутат Бақытжан Базарбек заң жобасында қарама-қайшылықтар барын жасырмады. Бұдан бөлек қалаға ерекше мәртебе беру үрдісі сәнге айналып кетпей ме деген пікір айтты.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Тарихи құндылығы бар қалалар ерекше мәртебеге ие болуы керек. Мысалы, мен Тараз қаласының тумасымын. Ертең осы қалаға ерекше мәртебе беруді сұраймын, келісесіз бе Үкімет ретінде? Бұл жерде ерекше статусты шегелеп, Түркістанмен тоқ етер аяқтауымыз керек болып тұр.
Мәжіліс «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Нәтижесінде қала әкімдігіне 27 қосымша өкілеттік, ал мәслихатқа 7 өкілеттік беріледі.