Қостанайда түнгі шақырту кезінде жедел жәрдем фельдшерін науқастың туыстары соққыға жыққан. Жедел жәрдем қызметкерінің миы шайқалып, денесінде көгерген іздер қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Науқастың туыстары агрессия танытып, реанимациялық шараларды жүргізуге кедергі келтірген.
«Науқастың тыныс алуы мен жүрегі тоқтап қалды. 30 минут бойы реанимация жасадық, алайда еш нәтиже болмады. Көңіл айтып үлгерместен, олар маған тап беріп, шашымнан ұстап, тепкілей бастады. Екінші фельдшер мен жүргізуші мені қорғауға тырысты, бірақ олардың күші жетпеді. Мен айқайлап көмек сұрадым, ал жүргізуші көрші пәтерге барып, полиция шақыруды өтінді. Сол кезде мені шашымнан ұстап, ұрып жатқан еді. Көршілер келіп, мені ажыратып алды», – деді Әнел Баймұрзина.
Облыстық Полиция басқармасының баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде үй иелері мен медициналық қызметкерлер арасында жанжал туындаған. Сол кезде 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшерге дене жарақаттарын салғаны анықталды», – деді полиция өкілдері.
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, «адамға қасақана жеңіл жарақат салу» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.