ҚР Бас прокуратурасы аса iрi мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, - деп жазды KAZINFORM
Күдікті 2023 жылы Корея Республикасынан автокөліктерді нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізуге уәде беріп, алаяқтық жолмен 6 жәбірленуші — Алматы қаласы тұрғындарының қаражатын иемденіп, оларға жалпы көлемде 145 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, соған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланған.
— Биылғы жылдың сәуірінде ол Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — деп атап өтті Бас прокуратураның баспасөз қызметі.