Русский Сайттың толық нұсқасы

Табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды

Францияда төтенше жағдай жарияланды. Майотта аралында болған табиғи апаттан көз жұмғандар саны 30-дан асқан. 1500 адам жараланып, 200 науқас ауыр халде. Билік әкімшілік мәселелерді тез арада шешуге тырысып жатыр. Аймақта коменданттық сағат енгізілген. Толығырақ Аружан Задабек айтады. Эфирде «Жер-жаһан» айдары. 

Францияның Майотта аралында болған дүлей дауыл аймақты есеңгіретіп тастады. Қаншама адамның өмірін жалмады. Көз жұмғандардың саны сәт сайын өсіп жатыр. Қазірдің өзінде 31 тұрғынның қайтыс болғаны белгілі болған. 1500-ден астамы зардап шекті. 

БИНЧА ХОСЕ НАКУИРА, ТҰРҒЫН:

Металл қаңылтырлар ұшып кетті. Желдің қатты болғаны сонша, есімізді жия алмадық. Отбасымызбен бір бұрышқа тығылдық. Қауіппен бетпе-бет келдік.

Халықтың баспанасы қирап, далада қалды. Ауызсу тапшылығы да байқалады. Азық-түлік жетпей, көбі аштан қатты. Жергілікті билік енді қауіпті ауру тарай ма деп алаңдап отыр. Мұндай табиғи апат Үнді мұхитындағы аралда кейінгі 90 жылда болмаған. 

БРУНО РЕТАЙЛЛО, ФРАНЦИЯ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Сіздер не көрдіңіздер, мен де соны көрдім. Арал толығымен қираған. Шығын өте көп. Біз тікұшақпен аралды аралап көрдік. Жағдайды бақылап, жүрегіміз қан жылады.

Үндістанда да жағдай мәз емес. Нью-Делиде ауа сапасы күннен күнге нашарлап барады. Бір сөзбен айтқанда, өте қауіпті деңгейге жетті. Түтіннен бір жерді тауып бару мүмкін емеске айналды. {КТМ:} Қазір мұндағыластану индексі - 617 бірлік. Кей аудандарда тіпті 800-ден асады. Түсінікті болу үшін айтайық, бұл дем алуға қолайлы деп саналатын деңгейден әлдеқайда жоғары. 

ФАУЖДАР, ТҰРҒЫН:

Мен қалаға көшіп келіп едім, көптеген қиындықтарға тап болдым. Ауаның ластануына байланысты тыныс алу мүмкін емес. Шаң көп. Шаһарды көк түтін басқан.

Ал, Вьетнамдағы кафеден өрт шығып, 11 адам көз жұмды. Тағы жеті тұрғын жарақат алған. Екеуі ауруханада жатыр. Қазір полицейлер бір күдіктіні ұстады. Жасы 50-ден асқан азаматқа қатысты тергеу басталып та кеткен. 

ТҰРҒЫН:

Мен қақпамды ашып жатқанда, алыстан түтінді байқадым. Мен қатты қорықтым. Басқаларға айту үшін қатты айқайладым. Жалын сондай қатты болды.