Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов үш рет сатылымға шығарылған Қостанай әуежайының сатылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында әкімге әуежайдың болашағына қатысты сауал қойылған.
"Әуежай 202 жылы жекешелендіру жоспарына қосылды. Саудаға үш рет қойылды. Жақында ғана үшінші рет сатылымға қойылып, ешкімнің меншігіне берілген жоқ. Қостанай әуежай коммуналдық меншікте қалады, қайта сатылымға қойылмайды. Биыл әуежайды жаңғырту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Былтыр да көп жұмыстар істелген. Қазір ұшақтың үлкендігіне қарай тұрақта екіден жетіге дейін ұшақ тұра алады. Сондай-ақ әуежай аумағы 30%-ға үлкейтілді", – деді ол.
Құмар Ақсақалов әуежайда заманауи ұшу және ұшып келу залы барын жеткізді.
"Әуежайдың 800 шаршы метрі қолданылмай тұр. Танымал "ешқайда апармайтын" баспалдақ, яғни қабырғаға барып тірелетін баспалдақ та бар еді. БАҚ-та суреті тарап, мемге айналып кеткен. Енді сол қабырғаны ашып, 800 шаршы метр аумақта заманауи халықаралық рейстерге арналған ұшу залы ұйымдастырылады. Келер жылдың соңында бұл жұмыс аяқталады деп үміттенемін", – деп толықтырды әкім.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай әуежайының 49% үлесі сатылатыны туралы хабарланған еді.