Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады.
Ақорданың мәліметіне сүйенсек, министр президентке ведомство жұмысының негізгі қорытындылары мен еліміздегі отын-энергетика кешенін дамыту жоспары, сондай-ақ мұнай-газ және энергетика салаларындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат берген.
«Сәтқалиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымының барысы және жылу-электрмен қамту бойынша ірі нысандардың жұмысы туралы баяндады. Мемлекет басшысы жылыту маусымын ерекше бақылауда ұстауды және энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жобаларды іске асыруды тапсырды. Президент Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысын жеделдетудің маңызын атап өтті», - деп жазды Ақорда.