Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Ұлттық құрылтайдың бастамасымен 9 заң қабылданды

«Ұлттық құрылтай - тиімді диалог алаңы ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айнала бастады». Жыл бойы Ұлттық құрылтай аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылаған мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді. Биыл құрылтай мүшелерінің бастамасымен 9 заң қабылданған. Бұдан өзге қандай шаралар қолға алынды? Мөлдір Жақан тарқатады. 

Атырауда өткен Құрылтайдың үшінші отырысында 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданған. Мемлекеттік кеңесші қазірдің өзінде олардың басым бөлігі орындалғанын жеткізді.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Биыл тағы да Құрылтайдың ішкі жұмысына ерекшелік енгіздік – көшпелі отырыстарды өткізуді. Біз әрбір аймаққа 5-6, 10 шақты әріптесімізбен бөлек-бөлек шығу тәжірибесін енгіздік. Ең бірінші сапарымыз Шығыс Қазақстан облысына, Өскеменге болды. Одан кейін Батыс Қазақстан облысына бардық, Қостанай облысына бардық. Осындай сапарлардың аясында біз белгілі бір өңірлердің проблемаларын кеңірек танысудың мүмкіндігіне ие болып жатырмыз.

Биыл 1 қыркүйектен бастап балабақша, мектеп және колледждерде жалпыұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл бастама өскелең ұрпақтың бойында жастайынан әдептілік, жауапкершілік, өнеге мен жасампаздықты дамытуды көздейді.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Осы мақсатта құндылықтар пән мазмұнына, сынып сағаттары мен сыныптан тыс тәрбие шараларына жүйелі түрде интеграцияланған. Мәселен, білім алушылардың үзіліс кезіндегі бос уақыты асық, тоғызқұмалақ ойнату арқылы ұйымдастырылуы, қоңырауды күймен күмбірлету мәдени мұраны сезінуге жол ашады.

Ұлттық құрылтайдың жұмысындағы тағы бір бағыт – әлеуметтік кеселдермен күрес. Биыл лудоманияға қарсы іс-қимыл, вандализммен күрес, вейптерге тыйым салу, әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар заңға Президент қол қойды. Осы заңдарды әзірлеуге Құрылтай мүшелері белсенді атсалысты.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:

Бұл қадам, әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының аясында жүзеге асырылды. Бұл заңды қабылдау да оңай болған жоқ. Мен заң жобасын жүргіздім, жұмыс тобының жетекшісі болдым. Біріншіден, біз жаңа мәдениет қалыптастырудамыз. Қазіргі таңда әйелдер тарапынан зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасып келеді.

Бұдан өзге Үкімет 2025 жылы екіншідүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге қатысты іс-шаралар жоспарын әзірледі. Мемлекеттік наградалар жүйесі 9 мәртебелі атақпен толықты. Кәсіби мерекелерді тойлауға ерекше мән беріле бастады. Ал 23 сәуір Ұлттық кітап күні деп белгіленді. Келер жылы бұл мереке алғаш рет аталып өтіледі.

РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:

Біз де ол бағытта көп жұмыс істейміз. Соның ішінде аударма дүниелері көп жасалып жатыр. Отандық кітап нарығын дамытуға талпынып жатырмыз. Қазір енді бір қуанарлығы - кітап дүкендерінде қазақша кітап, өзіміздің жазушыларымыздың шығармалары, аударма кітаптар көбейіп жатыр. Осының барлығы қуанарлық, құптарлық жақсы қозғалыс. Оған осы Ұлттық Құрылтайдың тікелей ықпалы бар деп анық айта аламыз.

Бүгінде Ұлттық Құрылтайға мүше адамдардың саны 100-ден асады. Құрылтайдың 4-ші отырысы алдағы жылы Бурабайда өтеді.