Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда шизофренияға шалдыққандарға жүргізуші куәлігі берілген

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2017
  • 2319

Қарағандыда "шизофрения" дертімен ауыратын адамдарға жүргізуші куәлігі беріліп келген. Аймақ прокурорлары осылай деп мәлімдеді. Жол полициясының емтихан қабылдау-тіркеу бөлімін тексергенде, психоневрологиялық ауруханада есепте тұрған азаматтардың ішкі істер департаментіне денсаулығы туралы жалған анықтама тапсырғаны анықталған. Ал полицейлер ол құжаттарды тексермеген.

Әділбек Мақашов, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық прокуратурасының бөлім басшысы:

Бір азамат шизофренияның өткір түрі деген диагнозбен 2012 жылы облыстық психологиялық диспансерде есепте тұрған. Ішкі істер органдарына жалған анықтама апарып береді. Тексеру нәтижесінде прокуратура ішкі істер органына жүргізуші куәлігінің күшін жоюды тапсырды.

Прокурорлық тексеру кезінде осындай үш дерек анықталды. Ол азаматтардың барлығы психоневрологиялық аурухананың емделушілері бола тұра, куәлік алған. Қадағалаушы орган бұндай оқиғаларға жол берген ІІД-не ескерту жасаған. ҚК-тің 385-інші, яғни «Жалған құжат жасау» бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталған. Бұл баппен айыпталғандар заң бойынша 2 мың АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға бас бостандығы шектелуі мүмкін. Қылмыстық іс аясында олардың анықтаманы қалай және кімнен алғаны, жол полициясының неге оны байқамағаны да анықталмақ.