Германияда бір отбасы үйінде 605 жаңа жыл шыршасын орнатты, деп хабарлайды 24KZ. Бұл- әлемдік рекорд.
Қазір олардың шаңырағында бос орын жоқ. Томас пен Сьюзаннаның отбасысы жаңа жылды асыға күтеді. Олар үйін 1 ай бұрын безендіре бастайды. Қызды-қыздымен биыл 605 шырша орнатып тастаған. Ол әлемдік рекорд ретінде ресми тіркелді.
Томас Йеромин, рекорд иесі: - Бүкіл жердің жарқырап тұрғаны маңызды. Бұл керемет көрініс деп ойлаймын. Шыршалардың әдемілігіне көз тоймайды.
Сюзанна Йеромин, рекорд иесі: - Әртүрлі жарықтың шуақ шашып тұрғаны керемет. Үйіміздің ерекше нұрланып тұрғанын ұнатамыз.
Йероминдердің үйі Германияның солтүстігіндегі Ринтельн қаласында орналасқан. Аумағы – 180 шаршы метр. Олар тіпті жуынатын бөлме мен дәретханаға дейін шырша қойып тастаған. Барлық ағашты безендіруге 120 мың ойыншық, 10 мың жарық пен бірнеше мың жаңа жыл мүсіндері жұмсалған.Электр тоғын артық шығындамас үшін арнаулы үнемді иллюминация ілген.
Томас Йеромин, рекорд иесі: - Ең тар деген бөлменің өзінен әдемі жаңа жыл шыршасын қоятын орын табуға болады. Бастысы, дұрыс орналастыру керек. Үйімізді тағы кеңейтсек дейміз. Сюзанна Йеромин, рекорд иесі: - Біз үйдегі бұрыш, қабырға – барлық жерді әсемдеуге, әбден келістіріп безендіруге тырысамыз.
Ерлі-зайыпты бұл іспен 8 жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Былтыр 555 шырша орнатқан.