Ақтау маңына "Баку-Грозный" бағытындағы жолаушылар ұшағы құлады. «Эмбрайер-190» бортында 70-ке жуық жолаушы мен экипаж мүшесі болған. Арасында Қазақстан азаматтары да бар. Алдын ала болжам бойынша ұшақ құстарға соғылып, борттағы оттегі баллоны жарылған болуы мүмкін. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. 26-ы желтоқсан Әзербайжанда аза тұту күні болып жарияланды.
Ұшақтың құлаған сәтін куәгерлер түсіріп алған. "ЭмбРайр190" әуе кемесі Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі. Грозный әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, әуе бағытын бұруға қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағыт алған.
Оқиға орнына жақын жерде болған жұмысшылар тірі қалған жолаушыларды іздестіріп, шығара бастаған. Көп ұзамай төтеншеліктер мен жедел жәрдем жетіп, дереу көмек көрсетілді.
НҰРАЛЫ ШОПАНОВ, «МӨЭК» АҚ АҒА ДИСПЕТЧЕРІ:
Біз ұшықтың құлап жатқан кезін байқап қалдық. Бірден жиналып, сол жерге аттандық. Алғашқы көмек көрсетіп үлгереміз деген үмітіміз болды. 10 адам болып алғаш жеттік. Артымызша, төтеншеліктер, жедел жәрдем келді. Адамдарды шығару үшін біздің кранды алды. Соның арқасында бірден 15 шақты адам құтқарылды. Біз де өз қолымызбен тірі қалғандарды шығарып үлгердік. Бірақ, санап жатқанымыз жоқ.
Қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді. Құрамында Төтенше Жағдай, Ішкі Істер, Сыртқы Істер және Денсаулық сақтау министрлігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Ақтаулық және Астанадан арнайы жөнелтілген дәрігерлер тірі қалғандардың өмірін сақтап қалуға барын салуда. Ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам ауруханаға жеткізілген.
БЕКБОЛАТ ІЗБАСАРОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
7 науқастың жағдайы өте ауыр. Оның ішінде 2 бала бар. Барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Жедел-медициналық көмектің барлық құрамы жұмылдырылған.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі әлі нақтыланып жатыр. Тек ұшақта болған жолаушылардың тізімі бар. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Президент зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жұмысын ерекше бақылауда ұстауды және көршілес елдердің үкіметтеріне қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды.