Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Онда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері қаралды. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы қылмысқа, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударылды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Президент заң мен тәртіп мемлекет пен қоғамның ең басты қағидатына айналуы керектігін айқындап берді. Бұл – Мемлекет басшысы саясатының басты негіздерінің бірі. Президенттің бұл тапсырмасын бұлжытпай іске асыру – барлық мемлекеттік органның, ең алдымен, құқық қорғау құрылымдарының міндеті. Полиция кез-келген, тіпті кішігірім құқық бұзушылықтарға бірден ден қоюы тиіс. Бұл – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.