Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған әйелге қатысты сот кейінге қалды

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2017
  • 2274

Қарағандыда қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған Елена Колесниковаға қатысты сот отырысы кейінге қалды. «ФинансОптоГрупп» фирмасының қожайыны адвокаттарға ақы төлей алмағандықтан, олар қорғаудан бас тартқан. Енді оған мемлекеттік қорғаушы тағайындалады.

Амантай  Әбдікамалов, Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының судьясы:

Заң бойынша  5 күннің ішінде қорғаушы тағайындауға тиіспін. 130 томдық іс, өте ауқымды материал. Қорғаушыға онымен танысып, айыпталушымен сөйлесу үшін де уақыт керек.

Өткен жылы қазанда қолға түскен Колесникова «аса ірі мөлшерде ақша тартып, қаржы пирамидасын құру және басқару» бабымен айыпталды. Тергеу мәліметінше, ол елдің ақшасын аптасына 14 пайыз өсіммен қайтарып отырған. Фирманың айналымында 3 млрд теңге жүрген. Ал, салымшыларға келген шығын 2 млрд-қа жуық. Оның есеп шотында 121 млн теңгесі мен иелігінде 4 көлігі бар болып шықты. Ал халыққа берілген төлемдер, күмәнді мекеме жабылған соң, тоқтаған. Бір қызығы, алданғандардың көбі Колесникованың қамауда отырғанына қарсы.

Рымжан Мұхамеджанова, жапа шегуші:

Мен өзім 100 мың кредит алдым. Балаларым миллиондап алды. Осылай алып отырмын балалар, жақсы екен, күнделікті тамақтарыңды табыңдар дедім. Олар кредит алып салды. Мен қайдан білейін? Халыққа жақсы көмектесіп тұрды. Неге жапқанын білмеймін. Негізі дұрыс болмады жапқаны.