Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада жедел жәрдем станциясына 50-ге жуық жаңа көліктер берілді

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2024
  • 272

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жедел жәрдем қызметінің маңызы туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жедел жәрдем қызметкерлері тұрғындарға алғаш болып медициналық көмек көрсетеді. Олардың жұмысы өте ауыр әрі жауапты. Дегенмен, тұрғындар тарапынан жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысына, әсіресе станцияның автопаркіне негізделген шағымдар түседі.

Жедел жәрдем станциясының автопаркі 146 автокөліктен тұрады. Олардың бір бөлігі жөндеуді қажет етеді.

Биыл автокөлік санын арттыру үшін 47 жедел жәрдем машинасы сатып алынды. Олардың 27-сі қазірдің өзінде жеткізілді, тиісінше шақыртуларға шығуға дайын. Қалған бөлігі алдағы аптада жеткізіледі. Көліктердің бәрі шақыртуларға жылдам әрі тиімді көмек көрсететін заманауи жабдықтармен жабдықталған. Сол сияқты жақын арада қолда бар 20 көлік те жөндеуден өтеді, - деді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары жедел жәрдем паркі 90 автокөлікпен жаңартылған. Арнайы техниканы жаңарту жұмысы келесі жылы да жалғасады.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін дамыту, дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті.

Біз медицина қызметкерлері мен науқастарға қолайлы жағдай жасау бойынша жұмысты жалғастырамыз. Алдағы жылдары Астанада бірқатар денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде перинаталдық орталықтар, емханалар, көпбейінді ауруханалар, олардың бірі – балалар ауруханаларын салуды жоспарлап отырмыз, - деп жазды Астана әкімі.