Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа оқу жылынан бастап елордалық оқушылар бірыңғай түсті мектеп формасына көшеді

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2017
  • 3710

Жаңа оқу жылынан бастап елордалық оқушылар бірыңғай түсті мектеп формасына көшеді. Бұл ақпаратты қалалық білім басқармасы растады. Аталған бастама бірінші кезекте қолжетімділікті арттыру үшін жасалып отырған көрінеді. Енді форма алу үшін бұрынғыдай арнайы дүкенге барудың қажеті жоқ. Яғни қолжетімділік артады. Толығырақ Айбек Қосанның материалында.

Ортақ талап ретінде қою көк түс таңдалған. Ұстаздар мен ата-аналардың айтуынша, бұл ыңғайлы әрі кіршең емес. Ортақ түстің енгізілуі аса ыңғайлы, бала басқа мектепке ауысса, жаңадан киім алу қажеттілігі туындамайды,-дейді мамандар.

Гүлсім Жүсіпова, Астана қалалық білім басқармасы кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы:

Астана қаласындағы 84 мектептің әрқайсысында арнайы формасы бар. Ата-аналар бір ауданнан екіншісіне  көшетін болса, баласын жаңа оқу орнына апарады. Ал ол жердің киім үлгісінің түсі басқа болуы мүмкін. Бұл - артық шығын.

Мұндай бастаманы кәсіпкерлер де қолдап отыр. Бір түске көшуге қарсы емеспіз,-дейді. Осыған дейін әр мектепке жеке дизайн жасауға ұзақ уақыт жұмсалған екен. Енді уақыттан да, қаржы тұрғысынан да ұтымды болмақ. 

Инесса Жармұхамедова, кәсіпкер:

Мектеп формасы қалыпты бір үлгіде және балаға ыңғайлы болуы шарт. Тәртіп қатаң болса, бізге де жақсы. Бірыңғай стандарт болса, бір маусымға қанша тігетінімізді алдын ала білетін боламыз.

Астанадағы кей мектептер шетелде киім тіктіруді әдетке айналдырған екен. Соның салдарынан қаражат сыртқа кетіп жатыр. Ал бір форманың бағасы 8 бен 18 мыңның аралығында.

Алмат Жүнісов, Астана қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Отандық тоқыма өнеркәсібінің аяқ алысы жаман емес. Олардың тапсырысы 50 пайыздың көлемінде. Мұндай бастама оларды қолдауға әкеледі. Сұраныс бар жерде сапаның да артатынын ұмытпауымыз керек.

Жаңа түстің енгізілуі міндетті түрде форманы ауыстыру керек дегенді білдірмейді. Елордалық білім басқармасы осылай деп отыр. Осыған дейін алынған киімнің түсі қандай болса да, киюге тиым салынбайды.

Айбек ҚОСАН