Қостанай облысында екі жұмысшының өліміне себеп болған құрылыс компаниясының директоры сотталды, деп хабарлайды Astana TV.
Соттың мәліметінше, қайғылы оқиға Қарабалық ауылында хоккей кортының құрылысы кезінде орын алған. 2024 жылдың шілде айында директор өз қарамағындағы жұмысшылар Н. және К.-ға тәжірибелі маманның қадағалауынсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат берген.
Жұмысшылар техникалық жағдайы тексерілмеген “HPLift 15T” маркалы телескопиялық тіркеме көтергішті пайдаланған.
“Қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы салдарынан Н. және К. жерден 10-11 метр биіктікте орналасқан көтергіш платформасынан құлап, алған жарақаттарынан қаза тапты,” – делінген сот хабарламасында.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған қылмысына өкінетінін айтты. Ал жәбірленуші тарап сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Соттың шешімі бойынша, сотталушы төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында үш жыл қызмет ету құқығынан айырылды.