Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы бала асырап алу туралы жиі ойланатынын мәлімдеді, деп жазады Aykin.kz.
Ләйлә Сұлтанқызы Дина Төлепбергеннің «Баланы өзім туғаным дұрыс па, әлде бала асырап алғаным сауаптырақ па» деген сұрағына жауап берді.
«Діни тұрғысынан бала асырап алған сауаптырақ. Мен имамдардан сұрағанымда, маған осылай жауап берді. Менің жағдайымда бала асырап алған сауаптырақ. Біріншіден, олар менің жасымды да, мүмкіндігімді де біледі. Мүмкін, содан кейін солай айтқан шығар. Бала асырап алуға байланысты ойланамын. Менің балам да ұл асырап алайықшы деп айтады. Мен қыз асырап алайық деймін. Көреміз», — дейді ол.
Ләйлә Сұлтанқызы жайдарманшы Нұрболханмен соттасқанына өкінетінін де жасырмады.
«Нұрболханмен бекер соттасыппын. Оның да, менің де эмоциямен кеткенімізді енді түсініп отырмын. Кішімін деп сен тоқтамадың, үлкенмін деп мен тоқтамадым, біздің ақымақтығымыз да сонда, деп оның өзіне де айттым. Ол да мен қанша кешірім сұрасам да ұяламын деп айтады. Уақыт өте келе болмашы нәрсе үшін қырықпышақ болғанымызды ол да түсініп тұр. Бұл жерде менің де эгома, қытығыма тиіп кетті», — дейді ол.