Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында 400-ден аса отбасы үйсіз қалуы мүмкін

Алматы облысында 400-ден аса отбасы үйсіз қалуы мүмкін. Себебі, жер телімін сатқан кәсіпкерге алаяқтық жасады деп айып тағылып, үй қамағында отыр. Ақылбек Меңдіғалиұлы 2016 жылы «Жер анам» компаниясының негізін қалап, Кемертоған ауылынан бірнеше соттық жерді сатып алып, тұрғындарға ешқандай пайызсыз бөліп төлеуге берген. Тараптарды Айдана Шалқар тыңдады. 

Жылжымайтын мүлік саласында 8 жылдан бері жүрген Ақылбек Меңдіғалиұлы Қылмыстық Кодексының 190-бабы бойынша Алаяқтық жасады деген айыппен үй қамағына алынды. Осыған дейін, баспанасыз жүрген халыққа тиімді жолмен бөліп төлеуге жер телімін сатқан кәсіпкер, кезекті бағдарламаны Талғар ауданында жалғастыруды көздеген. Әйтсе де, кей тұрғын «Мұндай батпан құйрық болуы мүмкін емес. Жер алам деп берген ақшамызды қағып кетсе, қайтеміз» -деп, бизнесменның атын қаралап, арыз жазған.

БАЛЖАН ӨТЕПБЕРГЕНОВА, «ЖЕР АНАМ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бастапқы жарна кезінде 50 мың теңгемен басталған болатын. Қазіргі таңда 150-200 мың теңге арасында. Ай сайынғы төлем 35 мың теңгеден. Кезінде 25 мың теңгеден басталған. Ол өте тиімді ғой иә қалтаға. Бұл арендная земля с последующим выкупом ғой. Сіз төлеп бітесіз, төлеп біткеннен кейін, жерді өз атыңызға ауыстырасыз. Сол төлеп біткеннен кейін ғана ГОС АКТ аласыз.

Компания қожайыны қамауға алынып, мөрі тәркіленген соң, осыған дейін жер алам деп, келісімшарт жасасқан тұрғындар не істерін білмей әлек. Ал, «Жер анам» орталығы арқылы нәпақасын тауып жүрген 15 қызметкер еңбекақыларына ала алмай жүр.

АЙНҰР ӘШІМ, КЕМЕРТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз 2018 жылдан бастап гос актіге договорға тұрдық. Ай сайын 45 мың теңгеден төлеп, міне Аллаға шүкір гос актімізді алдық. Өз атымызда жер. Баста ешкім сенбеді, өйткені бізде жоқ қой бұндай программа, айтыңыздаршы бар ма? Общий 5 жылда 3 жарым миллион ақша төледік. Договордағы ақшаны көрсеттік. Пайызсыз, ештеңе қосылған жоқ.

БАҒИЛА ЕСҚАРАЕВА, КЕМЕРТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы күнге дейін мен квартирада жүрдім, 70 мың төлеп. Квартираның ақшасы тез-тез келіп қалады. Бір айдыкын екінші айға жеткізе алмай жүрдік. Осы Меңдіғалиев Ақылбектің арқасында Аллаға шүкір ол кісі өте бізге тиімді жақсы көмектесті. Міне, қаншама халықты қаншама жер сатып, қаншама халықты үйлі қылып отыр.

Кәсіпкердің құқығын қорғау үшін қазір Ғабит Өмірбек жұмыс істеп жатыр. Оның айтуынша, барлық жер телімі заңды түрде рәсімделген. 8 жылдың ішінде «Жер анам» бағдарламасы бойынша ешқандай ақау да, алаяқтық та тіркелмепті. Компания аудиторлық сараптамадан өтіп, белгіленген салық та төленген. Тергеуді талап еткен тұрғындар қателескендерін мойындап, арыздарын қайта алса да, Ақылбек Меңдіғалиұлы әлі ақталмады. Ғабит Өмірбек айыпталушының заңгері ретінде қылмыстық қудалауды тоқтатып, конституциялық құқығын қалпына келтіруді талап етіп отыр.

ҒАБИТ ӨМІРБЕК, ЗАҢГЕР:

Қазіргі таңда Нац экономиканың вице-министрінің көзіне түсіп, А. Меңдіғалиұлын өзінің жеке қабылдауына шақырған болатын. Өзінің жеке қабылдауына шақырып, осы бағдарлама сондай тиімді екен, мүмкін біз мемлекеттік қолдау көрсетеміз деген кезде оны алды да қамап қойды. Ол не министрлікке жете алмай қалды, не халықтың жерін рәсімдей алмай қалды. Не жұмысшыларына айлық бере алмай қалды.

Айта кетейік, осы дерек қараша айында Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде тіркелген.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша 30-дан аса азамат ресми түрде жәбірленуші болып танылды. Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің көзделген барлық тергеу амалдары жүргізілуде. Соттың шешімімен күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамақ тағайындалды.

Тергеу 2 ай ішінде аяқталады деп бекітілген. Тиімді бағдарлама арқылы ұтымды жер алып, баспанасының іргесін қалаған тұрғындар кәсіпкерге қатысты әділ шешім шығарылғанын талап етіп отыр.