Естімеген елде көп. Жыл сайын жұрт бұрын-соңды білмеген жаңа мамандықтар пайда болуда. Оларды смарт жүйелерді әзірлеуші, виртуалды прототиптеу маманы, Big Data сарапшысы деп жіпке тізе беруге болады. Жастардың жаппай экономист, заңгер болуға талпынатын уақыт артта қалды. Жұмсақ креслоны аңсап, бастық боламын дейтін заман емес. Жұмысшы мамандықтарына сұраныс пен талап күн санап өсіп жатыр. Ал олардың кейбірі жергілікті оқу орындарында оқытылмайды. Үкімет мәселені қалай шешпек? Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы қандай шаралар ұйымдастырылады? Мөлдір Жақан тарқатады.
Бүгінде қай сала болмасын жаңа жұмыс дағдыларын қажет етеді. Бір ғана автокөлік саласын алып қарайық. Қазақстанда 5 млн-нан астам темір тұлпар тіркелген. Оның 12 мыңнан астамы электромобиль. Көліктің бұл түріне техникалық қызмет көрсету, қайта зарядтайтын батареялармен жұмыс істеу мамандықтары жоғары сұранысқа ие. Алайда бұл мамандықтардың дені елде әлі оқытылмайды. Ауыл шаруашылығы саласында астық өңдеу операторлары жоқтың қасы. Ал өнеркәсіп және құрылыс саласына 40 мыңға жуық маман қажет.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы 9 кәсіби стандарт, сондай-ақ даярлаудың аграрлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары әзірленіп, жаңартылатын болады. Бұл мамандарды машинамен сауу, дрондар, астық өңдеу операторлары сияқты заманауи мамандықтарға және жоғары технологияларды қолдануға байланысты басқа да бағыттар бойынша оқытуға мүмкіндік береді.
Иә, қазір елімізге жаңа мамандық иелері ауадай қажет. Осыған байланысты білім беру жүйесін біраз өзгеріс күтіп тұр. Барлық өңірлерде «Жаңа кәсіптер атласы» әзірленеді. Бүгінде тек 9 өңірде осындай құжаттар бар. 1000 мектепте бейіндік сыныптар ашылып, жоғары сынып оқушылары практикалық дағдыларға үйретіледі. Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған жол картасы қабылданды. Айта кету керек, мемлекет тарапынан колледждерде оқытуды қаржыландыру 2 есе ұлғайтылды.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушыларды толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады.
Колледждер мен бизнес арасындағы ынтымақтастық нығая түседі. Дуальды оқыту жүйесі дамып, кәсіпорындармен 2 мыңнан астам жаңа білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда небәрі 518 кәсіпорын колледждерге шефтік қамқорлық көрсетіп отыр. Алдағы уақытта олардың санын 4000-ға жеткізу жоспарлануда.
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Атыраудағы Apec Petrotechnic колледжін мысалға алайық. Бұл колледж түлектерін шетелдік компаниялардың өзі еңбек өтілін сұрамай алып жатыр. Өйткені түлектер компаниялардың құрылғылары танысып үлгерген және олардың сертификаты бар.
Қазір энергетика саласы үшін кадр даярлауды 40 жоғары оқу орны мен 215 колледж жүзеге асырады. Онда электр энергетикасы, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия саласындағы 7 мамандық бойынша 19 мыңға жуық студент оқиды. 2030 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтардың тек энергетикаға деген қажеттілігі 20 мыңнан асады деген болжам бар. Алдағы уақытта отандық колледждер базасында жаңа мамандықтар ашылады.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Дозиметрист, паротурбиналық жабдық жөндеу слесары, атом станцияларында механикалық жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу маманы, атом станцияларында ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды даярлап шығаратын боламыз.
Премьер-министр ауылдық жерлерге мамандар тарту жоспарын әзірлеуді жүктеді. Сондай-ақ Үкімет басшысы жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген мамандар. Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді.
Бүгінде еңбек ететін қазақстандықтардың жартысынан астамының (52%) кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бұл - 2,3 млн-ға жуық адам. Қазір олар 2 мыңнан астам жұмысшы мамандығы түрлері бойынша жұмыс істейді. Мұндай мамандарға деген сұраныстың жоғары екендігін бос жұмыс орындарының көптігі растайды. Былтыр ол 270 мыңнан астам орынға жетті. Премьер – министр Олжас Бектенов Үкімет еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін жүйелі шараларды әлі де қабылдайтынын атап өтті.