Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда «Теңізшевроил» компаниясының мердігер мекемесі қызметкерлері заңсыз жұмыстан қуылғанына шағымданып, сотқа жүгінді

Атырауда «Теңізшевроил» компаниясының мердігер мекемесі қызметкерлері заңсыз жұмыстан қуылғанына шағымданып, сотқа жүгінді. Айтуларынша, Теңіз кен орнында көлік қозғалысын ұйымдастыру жұмысын жеңіп алған СОС Реалти компаниясы басшылығы аймақ су тасқынымен алысып жатқан кезде бұрынғы жұмысшыларды еш ескертусіз босатып жіберген.

Салдарынан 60 шақты адам жұмыссыз қалыпты. Олардың көпшілігі жүргізушілер, механиктер мен медицина қызмектерлері. Араларында мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар, үйінің жалғыз асыраушысы, жалғызбасты аналар, тіпті зейнетке шығуына 8 ай қалғандары бар. Жұмысшылар жаңадан келген компания басшылығы келісім-шартты қолдарына бермек түгілі, танысуға мүмкіндік берген жоқ дейді. Кейін өздерін «Кәсіби таңдау» рекрутингтік компаниясына тіркеліп тұрғанын біліп, тіпті аң-таң болыпты. Тапсырыс беруші Теңізшевроил компаниясы өкілдері болса, мердігер мекеменің жұмысына араласпаймыз,- деп қайтарған. Бірінші сатыдағы сот процесінен жеңіліс тапқан қарапайым жұмысшылар аппеляциялық соттан үмітті. 

МЕЙРАМБАЙ ОРАЗАӘЛІ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ойбай құттай тоқтаңдар сендердің проблемаларыңды шешеміз деді. Шешеміз дегендеріне 8 ай болды, 9 айға кетіп барады. Қарап отырсаң өзіміз әрең тұрмыз. Үйге кіріп жатқан табыс жоқ.

ЕДІЛ ҰЗАҚБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірінші сатыдағы сот процесінде бірнеше процесуалдық және материалдық құқық бұзушылықтар болды. Біз соны аппеляциялық шағымда көрсетіп, бүгінгі осы мәселе бойынша сотқа келіп отырған жағдайымыз бар. СОС Реалти компаниясы тарапынан ешқандай түсінік бермей отыр не үшін жұмыстан шығарып жібергенін. Біз жағдай бойынша сіздерге түсіндіруге міндетті емеспіз деген нәтижесімен.

Компания тіпті жүргізушілердің орнына екі есе аз жалақымен жаңадан жұмысшы жинап үлгерген. Бүгін сот процесі болған жоқ. Онлайн қатысуды жөн деп тапқан мердігер мекеме өкілі орыс тіліндегі аудармашының көмегін сұрады. Облыстық сотта кәсіби аудармашы болмауына байланысты сот процесі келесі аптаға қалды. 

 МӘТЕН ЕРҒАЗИЕВ, АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кәсіби аудармашы біздің сотта жоқ. Біз басқа мекемеге шығып, мектепке немесе білім басқармасына шығып, арнайы кәсіби аудармашыны сұрап ұйғарымы шығарып, қатысуын қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан осы істің қаралуын басқа күнге қалдыруға мәжбүр боламыз.