Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде көлеңкедегі кәсіпкерлермен күрес басталды

Енді мобильді аударым арқылы шотыңызға 100 адамнан ақша түсіп, кәсіпкер ретінде салық төлемесеңіз, есеп бересіз. Мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының айтуынша, салық органдары аударылған қаржы көлеміне емес, адам санына мән береді. Сондай-ақ анасы баласына ақша аударса, бұл бақылауға алынбайды. Комитетке мобильді аударымдар туралы ақпаратты екінші деңгейлі банктер береді. 

ЕРСАЙЫН КӨПТІЛЕУҰЛЫ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КІРІСТЕРІН ӘКІМШІЛЕНДІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ

Қазіргі таңда бұл норма күшінде емес. Яғни 255 мың деген жоқ. Ол әлі Ұлттық банкпен келісу сатысында. Қазіргі негізгі өлшемшарт, тағы да қайталап айтамын, ай сайын 100 түрлі тұлғадан үш ай қатарынан мобильді аударым алса ғана назарға ілінеді. Қаңтар айында 100 түрлі адамнан одан кейін ақпан айында 100 түрлі адамнан, наурыз айында 100 түрлі адамнан үш ай қатарынан мобильді аударымнан ақша келіп түссе, сол кезде ғана назарға ілігеді.

Жалпы мобильді аударымдарды тексеру 2022 жылы басталған. Сол уақыттан бері кәсіпкерлер көбінесе қызмет ақысын QR коды немесе карта арқылы емес, мобильді аударым арқылы төлеуді сұрайды. Осылайша өздерінің кірістерін төмендетеді. 

ДИНА ҚҰСАЙЫНОВА, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КІРІСТЕРІН ӘКІМШІЛЕНДІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Былтыр алғашқы жартыжылдықта кәсіпкерлердің 76 пайызы алты айда 5 миллион теңгеден төмен табыс көрсетті. Табысты 30 күнге бөлсек, күніне 27 мың болуы керек. Қай дүкенде кіріс тәулігіне 27 мың теңге? Мұнда кәсіпкерлер шығындарды оңтайландыру үшін кірістерін төмен көрсетіп отыр.