Атыраулық емшінің әрекеті елдің жағасын ұстатты. Әлеуметтік желіге жарияланған видеода ер адамның қолы байлауы кішкене қыздың тамағын қылғындыра ұстап, жауап алып жатыр. Мағынасына үңілген адам бүлдіршінмен емес, жынмен сөйлесіп жатқандай әрекетті ұғады. Оқиға қайда, қашан болған? Кәмелетке толмаған балаға жасалған рәсім қаншалықты заңды? Бұрын облыстық мешітте күзетші боп жұмыс істеген емшінің өзі не дейді? Тілшіміз баяндайды.
Сырт қараған адамға бұл видео бала түгілі, үлкенге қорқынышты. Қолы байлаулы жатқан бүлдіршінді екі адам басып отыр. Ер адам сұрақ қойып, жауап алуда. Түсінгеніміз, Ләззат есімді 19 жастағы жын 5 жасар бүлдіршіннің ішіне кіріп кеткен-мыс. Видео әлеуметтік желіні талқысына түскен соң, баланың анасы мәлімдеме жасады. Алматы қаласының тұрғыны қызының қылығы мен әрекеттерін байқап, емшіге өзім іздеп апардым,- дейді.
БҮЛДІРШІННІҢ АНАСЫ:
Ол кісі ешқандай зорлық-зомбылық көрсетпей, кәдімгідей өз еркіммен көзімнің алдында әдемілеп қарап берді. Сүре оқып. Қызым өте жақсы.
Әлеуметтік желіні шулатқан видеоны жеке парақшасына емшінің өзі салған. Атырау облысының тұрғыны Кейқуат Оспанов өзін жын шығарушымын деп таныстырды. 5 жасар бүлдіршінді анасы қаңтар айының 2-сі күні Атырауға алып келген. Айтуынша, бұл іспен халықтың сұранысы бойынша соңғы 9 жылдан бері айналысады.
КЕЙҚУАТ ОСПАНОВ, ЕМШІ, ЖЫН ШЫҒАРУШЫ:
Бір адамға әл бермейді. 5 жігіттің өзіне әзер әл береді. Мамандығымыз солай. Сол үшін ұстап отырамыз. 2-3 адам болып. Мен алланың қалауымен 10 ақ минутта оқып шығарып бердім. Шыққан отзыв ретінде қойғаным рас. Тарап кетеді деп ойлаған жоқпыз. Видеоның көп таралуына байланысты іштарлық дейді ғой, таратып жіберген.
Қолымда «Сақтар» рухани халық медицина орталығының мүшесі ретінде куәлігім бар деген емші диагноз қою 7 мың, ал жын шығару 20-30 мың теңге шамасы дейді. Аймақтың бас имамы емшілердің әрекетін бақылауға ұстамаймыз. Дегенмен шын кірді деген шағыммен туыстарын алып келетіндер көп дейді.
АЛТЫНБЕК ҰЛЫСХАНҰЛЫ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ:
2009 жылдары мешітке күшетші қызметке тұрып, бір-екі ай қызмет еткеннен кейін қайта шығып кеткен. Қазіргі таңда халық қызмектері ретінде елді емдеп жүрген көрінеді. Жын шығару деген біздерде мешіттердің ішінде арнайы ондай діни қызмектер жоқ. Оны шығаратын арнайы қарым- қатынасы бар бөлмелер де жоқ. бұл мәселені дін қызметкерінің негізгі міндеті ретінде қарастырмайтындығымызды жеткізгіміз келеді.
Айта кетейік, аталған оқиғадан соң бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ақпараттар тексеріліп, мән-жәйі анықталатынын айтты. Полиция видеоға қатысты тексерісті бастаған. Емшіні құқық қорғаушылардан шақырту алғанын айтты.