Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында жолды қардан тазаламаған 5 компанияға айыппұл салынды

Қарағанды облысында жолды қар мен мұздан тазаламай жұртты әуреге салған компанияларға айыппұл салынды. Бұл мекемелер былтыр да 25 миллион теңге айыппұл арқалаған болатын. Қазір де елімізде ақтүтек бораннан мыңнан аса көлік транзиттік тас жолдың бойында кептеліп тұр. Құтқарушылар мен полицейлерге тыным жоқ. Жолаушыларды, көліктерді қар құрсауынан шығаруда. 

 Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

«Айыппұл әдеттегідей «Қазавтожол» мен тағы төрт компанияға салынған. Әрине, жуықта ғана республикалық трассаларда жүздеген көлік кептеліп апатқа ұшырағанын ескерсек бұл жолы мердігерлер жеңіл құтылған сыңайлы. Дегенмен қыс әлі ұзақ. Былтыр қар күремегені үшін жолшылар 25 млн теңге айыппұл арқалаған болатын ».

Полицейлердің есебінше, биыл республикалық трассалар 6 рет жабылған. 3 қаңтарда «Қарағанды- Астана» тас жолында мыңнан аса көлік кептелген. Полицейлерге оларға бағыт беріп Ақмола облысының аумағына жеткізуге тура келді. Сөйтіп тәртіп сақшылары жолдың жағдайын тексерді. Нәтижесінде қар мен мұзды аумақтардың тазартылмағанын анықтаған.

ЕРЛАН ӘУБӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бір апта ішінде қызметкерлер жолдың 30 бөлігінде тексеру жүргізді. 14 ескерту құжаты толтырылды. Сонымен қатар жолдың тазаланбауына байланысты 7 хаттама толтырылып, 315 мың теңгеге айыппұл салынды.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

«Қарағанды облысында республикалық трассаларды былай қойғанда ішкі жолдар да нашар. Жергілікті әкімдіктерге халықтан шағым көп түскен. Бұған себеп, мердігерлерде техника мен жұмыс күші тапшы, одан қалды коммуналшылардың жалақысы аз. Ал Алматыда қалың қарды тазалау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Ол туралы әріптесім Жомарт Түзелбай айтады.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Рақмет, Айжан! Алматыда да екі күн бойы жауған қармен коммуналдық қызметкерлер тынбай арпалысуда. Қалыңдығы 16 сантиметрге жеткен ақ ұлпа көлік жүргізушілері мен тұрғындардың қозғалысына кедергі келтіріп тұр.

2 түн ішінде 1800-ден астам қызметкер мен жүздеген арнайы техника қар тазалауға жұмылдырылды. Ал Жетісу облысында ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан 4 көлік қар құрсауында қалып қойған. Оларға құтқарушылар жіберіліп, арнайы көмек көрсетілді.

МҰХТАР ІЗТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КЕЗЕКШІ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Қапал-Арасан тасжолында төрт жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қалғаны туралы ақпарат түсті. Құтқарушылар дереу оқиға орнына шығып, қар құрсауынан 13 адамды, оның ішінде 1 баланы құтқарып, Қапал ауылына жеткізді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмады. Сонымен қатар, құтқарушылар жабылған жолды қосымша тексеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Бүгін Алматыда алғашқы қар еріту пунктісі іске қосылды. Онда тәулігіне 1200-ге жуық текше метр қарды ерітуге мүмкіндік бар. Соңғы жылдары қардың көп түсуіне және қаланың инфрақұрылымына жүктеменің артуына байланысты салынған.

АЙДАР НҰРҒОЖАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл Қазақстанда ең бірінші экологиялық таза қар еріту процесі жұмыс атқарады. Өздеріңіз білетіндей Алматы қаласының трафигі өте тығыз және бұл осы біз орналасқан объектіге 3 ауданнан қар келеді. Ол Әуезов, Бостандық және Алмалы ауданының қары. Бұл ең біріншіден бізге уақыт, қар шығару уақытын және ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Ауа райы қолайсыздығынан қаладағы әуе рейстері де кешіктірілді. Қазір шаһарда күн ашылып, шуағын шашып тұрғанмен ауа температурасы -7, -9 градус, ал түнде термометр көрсеткіші 13 градусқа дейін төмендейді. Синоптиктер 13-ші қаңтарға дейін жауын - шашын болмайды деп болжап отыр.