Русский Сайттың толық нұсқасы

Бразилияда ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып жағажайда жарылды: Апаттан бір адам қаза тауып, жетеуі зардап шекті

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2025
  • 74

Бразилияның Сан-Паулу штатындағы Убатуба қаласында әуежайдың ұшу-қону жолағынан шығып кеткен ұшақ жағажай маңына барып жарылды. Бір адам қаза тауып, жетеуі зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Metropoles порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 9 қаңтарда Крузейро жағажайында болған. Ұшақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағынан шығып, теңізге қарай бет алып, кейін жағажайда жарылған. Осы кезде ұшақта (үш ересек және екі бала) бес адам болған. Сонымен қатар жағажайдағы скейт саябағына қарай өтіп бара жатқан үш адам да зардап шеккен.

Желіде тараған видеолардан жарылыс болған жерге адамдар көмекке жүгірген. Ұшақтан шыққан қалың түтін мен қираған қалдықтар да көрінеді.

Апат салдарынан ұшқыш Пауло Сегетто қаза тауып, төрт жолаушы жарақат алды. Олар Санта-Каза ауруханасына жеткізілді. Жағдайлары тұрақты деп бағалануда. Скейт алаңына бара жатқан үш адам да зардап шекті.

PR-GFS нөмірімен тіркелген ұшақ Минейрус қаласының әуежайынан Гойас штатына жол тартқан. Бұл максималды диапазоны 2871 шақырым болатын корпоративке немесе жеке пайдалануға арналған ұшақ.

Ұшақ Убатуба қаласына қонуға тырысқан кезде қолайсыз ауа-райы болған. Атап айтқанда жаңбыр жауып, ұшу-қону жолағы дымқыл әрі сырғанақ болған.

Оқиға орнында полиция, өрт сөндірушілер, азаматтық қорғаныс қызметтері мен муниципалдық гвардиясы жұмыс істеді. Апаттың себептерін Бразилия әуе күштерінің құрамына кіретін авиациялық апаттарды тергеу және алдын алу орталығы (Cenipa) тексереді.

Ұшқыш Пауло Сегетто, Гония қаласының тумасы. Ол Voepass Linhas Aéreas авиакомпаниясында жұмыс істеді және әртүрлі ұшақтарды басқаруда тәжірибесі болған. Апат кезінде ол кабинада қысылып қалған. Құтқарушылар оны шығарып алғанымен алған жарақаттарынан көз жұмды.

Жолаушылар арасында сонымен қатар ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкер Нельво Фриздің отбасы: әйелі мен екі баласы болған. Олардың барлығы медициналық көмек алды және дәрігерлердің бақылауында.

Ұшақ апатының себептеріне тергеу жалғасуда.