Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысының Майқайың кентінде жер сілкінді

Павлодар облысының Майқайың кентінде жер сілкінді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бірақ, тұрғындар дүмпуді сезінген. Бұны Қазақстан Ұлттық сейсмология орталығы да растады. Жердің тербелесі ауылдан 15 шақырым жерде тіркелген. Сейсмологтар зілзала шамамен 1 балл болғанын болжады. 

ЖОМАРТБЕК ӘЛІМҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

Тексеру барысында ешқандай қираулар анықталмаған. Сондай-ақ, 8 қаңтарда «Майқайың алтын» ЖШС жарылыс жұмыстарын жүргізгені анықталды. Қауіпті аймақтың радиусы мұндай салдарға әкелуі мүмкін еместігі жеткізілді.

Естеріңізге салайық, былтыр дәл осы уақытта «Майқайың алтын» шахтасы опырылып, 4 құтқарушы мінген автобус жер астына түсіп кеткен болатын. Содан шошып қалған тұрғындар жердің сілкінуінен қорыққандарын айтады. Өйткені, 100-ге жуық тұрғын үй шахтаға тым жақын орналасқан. Арасы бар -жоғы- 500 метр. Шанхай аталып кеткен шағын аудан тұрғындары жердің асты қуыс болуы мүмкін деп күмәндады. Десе де, Баянауыл ауданы әкімдігі жердің дүмпуінінен үйлерге қауіп жоқ деп отыр.