Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттарының өңірлеріге сапары жалғасып жатыр

Өңірлерге барған Мәжіліс депутаттары тұрғындардың жағдайымен танысып жатыр. Олар «Қарызсыз қоғам» жобасының жұмысын қадағалап, ірі кәсіпорындардағы жұмысшыларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Елде бар мәселелерді талқылап, биыл қабылданған заңдар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Мәжілісмендердің өңірге сапары туралы тілшіміз тарқатады. 

Ақтөбе облысында депутат Дания Еспаева мен Жұлдыз Сүлейменова жергілікті микрокредиттік ұйымдар мен екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесті. Халық қалаулылары қаржы саласындағы соңғы өзгерістер мен жаңашылдықтар туралы сөз қозғады. Ең әуелі “Қарызсыз қоғам” жобасы аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, басында бірнеше несиесі бар жандарға несие бермеу мәселесі сөз болды.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА,  ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әскери борышын өтеп жатқандар әскери борышын өтеу кезінде және одан кейін 60 күн ішінде олар кредиттен босатылады және сыйақысы да жүрмейді. Сондықтанда мұндай мәселені біз қабылдағанбыз. Мен үшін ең негізгі нормалардың бірі әлеуметтік аз қамтылған осал санаттағы отбасылар және бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар балаларды асырап отырған отбасылар қысты күні өздерінің берешектері үшін жалғыз тұрғын үйінен қуып шықпайтыны туралы норма қабылданған.

Ал Қостанайға жеткен депутаттар өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті. Олар отандық тауардың шығу түбі туралы жаңа заң жобасын талқылады. Депутаттардың айтуынша, жаңа заң жобасы бюрократиялық кедергілерді азайта отырып, сертификаттау рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.

БЕРІК БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Көптеген өзгерістер кіріп жатыр.Кезінде бір СТ-KZ деген сертификаттар болатын.Кейін соның несі төмен түсіп кетті.Өйткені әрбір жаңағы берген кезінде сол сертификаттары алдыңғысы алдырып салып, оның үстіне үлкен реестр салдыратын болады.

Алматының Алатау ауданында жаңа жайлы мектеп пен отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталды. Оңтүстік астанаға барған депутаттар әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жасады. Жаңа нысандар ақпан айында пайдалануға беріледі. Жайлы мектеп 2000 орындыққа арналған. Алдағы уақытта 140 мұғалім қызметке орналасады.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ғимараттың қымбат болатын бір себебі мынаның сейсмикасы 10 баллдық жер сілкінісін көтере алады. Бұл да үлкен жетістік. Біздің бүлдіршіндерге, біздің балаларға қауіпсіз оқуға, қорықпай мектепке баруға толық мүмкіндік беретін жағдайларды көріп отырсыз.

Павлодарда Мәжіліс депутаттары машинау жасау зауытының жұмысшыларының мәселелерін тыңдады. Әсіресе баспана мәселесі көп қозғалды. Халық қалаулылары зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге өткен жылы қабылданған заңның тармақтарын түсіндірді. Ауыр және зиянды ортада жұмыс істейтін жұмысшыларға әлеуметтік төлем енгізілген болатын. Бұл олардың денсаулық жағдайын түзеп ем алуына септігін тигізеді.

ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жұмысшылармен кездесу барысында оларды толғандырған сұрақтарға да тоқталдық. Шынымен де, баспанаға қатысты, баспанамен қамту, баспананы әрі қарай кеңейтуге қатысты өз ұсыныстарымен тілектерін жеткізіп жатыр. Бұның барлығын өз назарымызда ұстаймыз.

Зауытта 800-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын темірден тұрмысқа қажетті бұйымның барлығын шығарады. Мұнда Жұмысшы мамандықтарының жылына байланысты еңбеккерлерге барынша қолдау көрсетіліп келеді.