Русский Сайттың толық нұсқасы

Заңғар жазушы Мұхтар Мағауин өмірден өтті

Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден өтті. Бар ғұмырын жазуға, оның ішінде арын алға тартып, Қазақтың төл тарихын қайтаруға арнаған бірегей тұлға 85 жасқа таяған шағында бақиға аттанды. Қаламына серт берген ұлы жазушыны үзеңгілестері мен жақындары күрсіне еске алды. 

“Аласапыран”, “Көкбалақ”, “Көкмұнар”, “Бес ғасыр жырлайды” сынды көптеген ұлы шығарманың авторы Мұхтар Мағауин 1940 жылы, 2-ші ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. Ол - Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның Халық жазушысы. Көпшілік үшін қайталанбас жазушы, дана тұлға болса, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековке кемеңгер замандас, құрдас, сырлас ретінде есте қалды. Мұхтар Мағауин 2015 жылы Америка құрама штаттарына түбегейлі қоныс аударса да, екеуінің байланысы әсте үзілмепті. “Бір-бірімізге талай хат жаздық. Алыстық. Айтыстық. Сыр бөлістік. Татуластық”-деп Дулат Исабеков марқұмды емірене еске алды.

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ, ДРАМАТУРГ:

«Бес ғасыр жырлайды» деген 5 томдық кітап бар. Оны Мұхтар Мағауин өзі іздеп, тауып бәрін баяғы Шалкиізден, Көтес жыраулардан бастап, 5 томдық шығарды бүгінгі ақындарға шейін. Оның өзі бір төбе еңбек болды. Ол өзін үлкен ғалым ретінде дәлелдеп кетті. Ол өлеңдердің бәрін өзі тауып, өзі сұрыптап, өзі баспада отырғаннан кейін 5 томды шығарып үлгерді. «Көкмұнар» деген повесть, онан кейін «Аласапыран» романы, бұл да қазақ әдебиетінде үлкен оқиға болды, қазақ әдебиетін дамытты.

Халық жазушысы Смағұл Елубай да қаралы хабар жеткеннен кейін сене алмаған күйде жабырқап қалғанын айтты. Ол да Мұхтар Мағауин жайлы ерекше естеліктерімен бөлісті.

СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ:

Біз Мұхтар ағамызбенен Прага қаласында 9 жыл қатар тұрдық. Оның ұлы Едіге Мағауинменен бірге Азаттық радиосында жұмыс істедік. Мұқаң бәйбішесімен бірге осы ұлының қолында тұрды. Ағамызбенен әрбір кездескен сайын біз байып қалатынбыз. Өйткені, бұл кісінің ғажайып қасиеті ағыл-тегіл білімге ие тұлға болды. Ұлтым деп соққан жүрегі бүгін таңда тоқтаған екен. Ендеше, оның ұлты оның қалған мұраларын қайта қарап, зерттеп, қайта шығарып, сүйікті жазушысымен қайта қауышады деп білемін.

Елмен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда: “Мұхтар Мұқанұлы ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді”- деп жазды. Мұхтар Мағауиннің жаназасы 11-ші қаңтар күні АҚШ-та өтіп, сол аймақта жерленетін болды.