Русский Сайттың толық нұсқасы

«Менің тұрып жатқан жерім өрттің дәл ортасында»,- студент

Лос-Анджелестен береке қашты. От құшағында қалған өңірде өршіген өрт тоқтар емес. Тілсіз жау 12 500 гектар жерді тып-типыл етті. Миллиардтаған ақша желге ұшты, бүтіндей аудандар әп-сәтте қирап жатыр. Жұрт жаппай баспаналарын тастап, бас сауғалауда. Қазір қызыл жалын шарпыған Калифорния штатында қазақстандық 73 студент оқып жатыр. Қазір олардың жағдайы қалай? Әріптесіміз Мөлдір Жақан тілдесті. 

Даңқ аллеясы, Голливуд белгісі, Малибу сынды әсем жерлерімен танымал Лос-Анджелестің бүгінгі көрінісі – осы. Дүйім жұрттың арманы болған мекен үш күннен бері тілсіз жаудың тақсіретін тартуда. Онға жуық адамның өмірін жалмаған орман өртінен халық есеңгіреп қалғаны рас. Абырой болғанда, Калифорния штатында білім алып жүрген қазақстандықтар аман-есен. Онда «Болашақ» бағдарламасының 56, ал ғылыми тағылымдама бағдарламасының 17 стипендиаты білім алып жатыр.

АБЫЛАЙ АБАЙ, СТУДЕНТ:

Бәрі сол желден басталды деп жатыр. Таңғы сағат 5-те үйде ұйықтап жатқанмын, қатты желден оянып кеттім. Кеше жағдай қатты нашарлап кетті. Менің тұрып жатқан жерім өрттің ортасында десек болады. Бірақ бізге құдайға шүкір өрт жеткен жоқ. Неше түрлі уведомлениелер келіп жатыр "дайын болыңдар" деп. Заттарымызды дайындап қойдық.

Қазақстандық студенттер елдегі кураторларымен тығыз байланыста екендерін жеткізді. Өрттен аман қалған аумақтарда оқу жалғасып жатыр.

ТАЙЛАН ҚАБЫШ, СТУДЕНТ:

Мен Лос-Анджелестен 50 шақырым жерде орналасқан Ирвайн қаласында тұрамын. Бұл жаққа өрт жеткен жоқ. Адамдардың бойынан аса бір үрейді байқамадым. Дегенмен, жағдай өте күрделі. Лос-Анджелесте қатты дауыл тұр. Сол үшін де өртті алауыздықтау қиынға соғуда. Досымның анасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бірақ тұрғындар бір-біріне барынша қолдау көрсетіп жатыр.

Қызыл жалынның кесірінен Лос-Анджелесте мыңға жуық үй мен ғимарат зардап шекті. Бай-бағландар тұратын элиталы аудандардың сау тамтығы қалмады. Пэрис Хилтон, Билли Кристал, Энтони Хопкинс, тағы басқа көптеген Голливуд жұлдыздары үй-жайларынан айырылды. Актер Алексей Воробьев та баспанасын тастап қашуға мәжбүр болды.

АЛЕКСЕЙ ВОРОБЬЕВ, АКТЕР:

Көз алдымда жойқын өрт үйлердің бірінен соң бірінің күл талқанын шығарып жатыр. Сәл уақыттан кейін сол өрт менің үйіме де жетеді. Дәл осы кезде қандай да бір мүлкіңді сақтап қалудың еш мағынасы жоқ екенін сезінесің. Аулада екі сүйікті автокөлігім, екі мотоцикл және мопедім тұр. Енді оның еш маңызы жоқ.

Халықаралық бағдарламалар орталығы қазақстандық студенттерді төтенше жағдайлар кезінде Сан-Францискодағы Қазақстан консулдығына хабарласуға кеңес берді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, әзірге хабарласқан отандастар жоқ.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ:

Стипендиаттар жергілікті билік органдарының ұсыныстарын орындап, жағдай туралы бізге жедел түрде хабарлап отырады. Біз университеттермен тұрақты байланыстамыз және кез келген өзгеріске жылдам әрекет етуге дайынбыз.

Лос-Анджелес округінің шерифі коменданттық сағат енгізілгенін жариялады. Пасифик-Палисейдс және Итон-Каньондағы өрт Лос-Анджелес тарихындағы ең жойқын өрттердің бірі болып танылды. Бүгінде 180 мыңға жуық тұрғынға қауіпсіз жерге кету туралы ескерту жасалды.