Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы нөсердің көп мөлшерде түсуі қалыпты - Қазгидромет

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2017
  • 3022

Алматыда жауған бұршақ пен қатты нөсерден ешкім зардап шеккен жоқ. Қираған нысандар да болмаған. Бұл туралы Төтенше жағдай департаментінің мамандары хабарлады. Ал Қазгидромет өкілдері жауынның көп мөлшерде түсуі қалыпты жағдай деп бағалады.

Табиғаттың тосын мінезінен соң, шаһардың төменгі аудандарындағы су арнадан асып, көліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысына кедері келтірді. Әсіресе, қаланың Төле би, Момышұлы, Райымбек және Рысқұлов даңғылдарының бойында судың нөпірі көп болған. Кей жерлерде жол айырығының астындағы өткелдер суға толды. Мұндай көріністерді қала тұрғындары бейнетаспаға түсіріп, Алматыны Венецияға теңеп жатты. Енді Алматы мен Алматы облысы аумағына суық ауа массасы келе жатыр, - дейді синоптиктер. 

Гүлтаңсық Медеуова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Күндізгі сағаттардан бастап ауа райы ашылып, оңтүстіктен жылы ауа кіреді. Кешегі ауа райы туралы айтсақ, күн қатты ысыды да, түстен кейін бұлт келгенде конвективті түрде бұлттылық қарқынды келіп, жауын жауды. Бұл мамыр-маусым айларына тән жағдай болып саналады.

Елдің кейбір аймақтарында да жел күшейіп, бұршақ жауады және үсік жүреді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодарда жаңбыр жауып, ауа температурасы 3 градусқа дейін төмендемек. Желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Елордада ауа температурасы 15 градусқа дейін түседі.