Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда Бурыл стансасындағы бұқара, КамАЗ көліктерін көшемен жүргізбеуді айтып, шу шығарды

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2017
  • 3241

Тар көшедегі тасымал!  Таразда Бурыл стансасындағы бұқара шу шығарды. Көптің тілегі  - КамАЗ көліктерін көшемен жүргізбеу. Айтуларынша, вагоннан тауар таситын 40 тонналық ауыр жүк көліктері тар жолдары тоздырып тастаған. Жүк көліктерінің жиі өтуі тіпті балалардың өміріне қауіпті деп қынжылады. Жеңіл машинаның өзі қиналып қатынайтын қара жолда КамАЗдар тасқыны тоқтатыла ма?  Данияр Әлімқұл анықтап көрді.

Көліксіз қаласың. Түнімен-күнімен жүресіздер. Бастықтарыңа айтыңдар. Мынау машина жүретін жол ма?

Налыған жұрттың наразылығы жолды жабумен басталды. Ереуілдеткен ел "2 жылдан бері көрген күніміз осы" деп жүк көліктерін жүргізетіндерге өкпелі. Камаздардың тасқынын тоқтатуды сұрап-ақ жағалылардың алдына барғанымен, әлі күнге әкімдіктен әрекет болмады, дейді.

Қанатбек Шарбадаров, Бурыл стансасының тұрғыны:

Әкімшілікке хат жаздық. Жамбыл даңғылы мен Сеңкібай көшесінің бұрышына бағдаршам қой деп. Ол қараусыз қалды. Не асфалть жөнделген жоқ. Не Бурыл стансасы жабылған жоқ. Мына 40 тонналық жүк көліктерінен шаршадық. Бүр күні бала-шағаны қағады.

Қазір бұл көше барлық бағытқа қызмет етіп тұр. Яғни жаяу жүргіншілер үшін тротуар да,  жол да - осы көше. Көшенің көркі кеткені соншалық, кедір-бұдыры көп. Тіпті, кәріз жүйесінің қақпақтары да қалмаған. Су құбырлары салмаққа шыдас бермей, жарылып жатыр деп, жұрт жыларман.

Күмісбек Ақылбаев, Бурыл стансасының тұрғыны:

Біріншіден, мына жол мұндай үлкен машинаға есептелмеген. Алдымен осындай көлік жүргізу үшін жолды қалпына келтіру керек. Екіншіден, жолды талқандады. Газ жүргіздік, су жүргіздік, қазір олардың бәрі быт-шыты шықты.

Жұрттың жолды жауып, қозғалысты тоқтатып тастауы тәртіп сақшыларын табанынан тік тұрғызды. Ашулы топ ауыр жүк көліктеріне арналмаған айтып бәйек болды. Кәнігі платформасы жоқ стансада, кім болса да, вагонға тақалып, тауарын тиеп кете береді. Станса басшылығы болса,  бұған бас қатырмаймын деп бірден айтты.

-Қалай ойлайсыз, мынандай камаздарға бұл жерден жүруге бола ма?  

Айдын Сейітбенбетов, «КТЖ-жүк тасымалы» АҚ «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы Бурыл стансасының бастығы:

-Мен білмеймін. Бұл сұрақты әкімдікке не тәртіп сақшыларына қойыңдар.

Ал қала әкімдігіндегі жауаптылар сұхбат бермейтіндерін айтты. Тіпті телефонмен тілдескенімізде баспасөз хатшысы ертең көше басында жиын болатынын айтып, сонда баруға жөн сілтеді. 

Данияр Әлімқұл