Русский Сайттың толық нұсқасы

Киіктерді қорғаушы инспекторлар бүгін Алматыдан Қарағанды облысына сапарға шықты

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2017
  • 3253

Бүгін Алматыдан «Ақбөкен» қоғамдық табиғи қорығының инспекторлары Қарағанды облысындағы ақбөкендер шоғырланған экологиялық аймақты қорғау үшін жолға аттанды. Оларды мегаполистен табиғат жанашырлары шығарып салды.

«Ақбөкен» қоғамдық табиғи қорығы өкілдерінің айтуынша, республикада киіктерді заңсыз аулау тыйылар емес. Қызыл кітапқа енген киелі жануарды  аулаушылар уақыт өткен сайын айлаларын асырған. Заңсыз әрекеттерге баратындардың дені киіктердің мүйізіне әуес. Өйткені ол қытай медицинасында кеңінен қолданылады. Бұл бассыздыққа тосқауыл қою үшін қор арнайы 5 УАЗ көлігімен жануарларды қорғаушыларды "Ақбөкен" қорының алқабына жолға аттандырды. Олар тізгіндеген көліктердің іші бейнекамера, қару-жарақ, спутниктік байланыс құралдарымен жарақталған.

Марғұлан Сейсембаев, «Ақбөкен» қоғамдық табиғи қорығы қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

Біздің "Ақбөкен" қорымызда да 1 млн 200 мың га жер алқабы бар. Оның территориясында біз барлық аңшылық және балық аулауды рұқсат еткізбейміз. Сондықтан 11 адамды сол жаққа қорғауға жіберіп отырмыз. Қару -жарақ, құжаттар, барлық құрал саймандар, видеолар бар. Соларды қолданып, өздерінің жұмыстарын тиянақты істейді деген үміттеміз. Осының барлығын жасау үшін көмек көрсеткен спонсорларға алғыс айтқымыз келеді. Оның ішінде «Астана Моторс» Нұрлан Смағұлов.

Нұрлан Смағұлов, «Астана  Моторс» ҚМК  компаниясының президенті:

«Астана Моторс» компаниясына биыл  - 25 жыл. Біз осы жобаны қолдадық. Егер біз адам баласымен өмір сүріп келе жатқан жануарлар әлемін келешек ұрпаққа сақтап, жеткізсек, бұл - үлкен іс. Әрбір азамат өзінің өскелең ұрпақ алдындағы міндетін ұмытпауы керек. Сондықтан мұндай маңызды іске атсалысу біз үшін маңызды, әрі жауапты.

Жолға шыққан инспекторлар, жүйелі жұмыстың арқасында әккі браконьерлердің сытылып кету мүмкіндігі азаяды, әрі ақбөкендерге қорғауға осылай көңіл бөлгеннің арқасында  олардың саны да жыл сайын артуы мүмкін, деген сенімде.

Айгүл ЕРМАХАН