Елімізде базарлар мен дүкендер жабылып қалуы мүмкін. Себебі, көпшілік онлайн сауданы жөн көреді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, халық былтыр 3,2 трлн теңгені интернет сатып алуға жұмсаған. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі 30 пайыздан асып түсті дейді. Қазынаға қыруар пайда әкеліп отырған электронды саудаға қатысты үкімет қандай маңызды шешімдер қабылдамақ? Әріптесім Бекболат Сатуов мәселені тарқатады.
БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Шетелдік маркетплейстерге тықыр таянды. Енді үкімет электронды саудада танымал болған онлайн сауда дүкендерін заңмен реттеуді көздеп отыр. Басты мәселе- тұтынушылардың құқығы мен қауіпсіздігін сақтауды күшейту. Яғни тапсырыс берушіге сапасыз дүние келсе, енді шетелдік сауда дүкендеріне жауапкершілік жүктеледі.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында қаралды. Ақпанның аяғына дейін екінші оқылымда талқылаймыз, сондай жоспар бар. Заңға бірнеше өзгерістер дайындадық, соның бірі шетелдік маркетплейстер үшін терминалдық аппарат енгізіледі. Маркетплейс деген қандай талаптарға сай болуы керек, оның ішінде шетелдік болсын, отандық болсын айырмашылығы жоқ
Онлайн сауданың табысы да, мемлекетке құятын салығы да жақсы. Мәселен, бөлшек саудамен айналысатын 505 мың офлайн компания 3 жыл ішінде 240 миллиард теңге салық төлеген. Ал онлайн саудамен айналысатын небәрі 73 мың компания 360миллиард теңге салық төлеп отыр. Бұған қоса отандық маркетплейстерден де түсетін табыс 100 млрд-тан асып жығалады. Премьер-министр Олжас Бектенов барлық сауда-саттықты электронды жүйеге көшіруді тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қазақстандағы бүкіл сауда қызметін, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу керек.
Қаладағы базарларда бұрынғыша емес. Ығы-жығы адам азайған. Себебі қала тұрғындарының өз таңдауы бар.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Азаннан-кешке дейін жұмыста жүргендер базарға келмейді мысалы. Адамдардың қолы тимейді ғой. Сондықтан ол заманның талабы ғой.
- Декретте отырғандар көбіне онлайн покупка жасайды көбіне. Үйден шығалмайтын инвалидность барлар. Ал былай базарға барып көзбен көріп, қолмен ұстап көрген жақсы ғой.
- Онлайн заказать еткенбіз алдында бір. Размерлері дұрыс келмейді. Өтірік размер жібереді екі размер үлкен немесе сыймай қалады.
Интернет саудағы қатысты әлі олқылық жетеді. Шетелдік дүкендерді қоспағанда, отандық маркетплейлердің өзінде сапаға кепілдік жоқ. Сондықтан Үкімет басшысы "жауапты министрлік бұл мәселелерге байланысты бақылауды күшейтуі қажет" деді.