Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жаһандық жылыну экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді", - Президент

Жаһандық жылыну экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Төрткүл дүниені толғандырған өзекті мәселені климатқа бейімделу стратегиясы арқылы шешуге болатынын айтты. 

Мемлекет басшысы биылғы жылдың алғашқы сапарын Біріккен Араб Әмірлігінен бастауы тегін емес. Мұнда төрткүл дүниені толғандырған климаттың өзгеруіне қарсы күрес проблемасын талқылау үшін арнайы ат басын бұрды. «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші болып сөз сөйледі. Бүгінде жер-жаһан қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түсті. Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағыт арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүкіл әлем бойынша парниктік газ шығарындыларының 75 пайызы энергетикалық жүйелерге тиесілі. Биоалуантүрліліктің 10 пайызы соның салдарынан жойылады. Осы тұрғыдан алғанда, Masdar, Total, Eni сияқты халықаралық серіктестердің Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруға міндеттеме алуының мәні зор.

Жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі. Проблеманың өрши түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мемлекет басшысы олқылықтың орнын толтыру үшін тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн.

Мемекет басшысы жаһандық проблемаларды үш маңызды қағидатқа арқа сүйеген біртұтас жүйе арқылы шешуге болатынын жеткізді. Бірінші, «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігі. Екінші, технология трансферті, техникалық қолдау және ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту. Үшінші...

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі басымдықтардың, экономикалық даму мен жасанды интеллекттің синергиялық ықпалдастығы. 2030 жылға қарай жаһандық ішкі жалпы өнімнің 16 пайыздан астамын осы үш бағыттың өзара үйлесімі қамтамасыз етуі мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттер орнықты даму саласындағы түрлі мақсаттарға барынша икемді әрі дербес тәсіл қолданғаны дұрыс.

Президент сөз соңында аталған саммит орнықты даму саласындағы алдағы онжылдықтарға арналған басымдықтарды айқындап, әрекеттерді үйлестіретін маңызды алаңға айналуына тілектeстік білдірді.