Русский Сайттың толық нұсқасы

Энергетикалық сусын саудасына толық тыйым салынуы мүмкін

Жаңа жылдан бастап энергетикалық сусындарға қатысты шектеу күшіне енді. 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Ал мамандар оны мүлдем сатпаған жөн дейді. Құтыдағы шырынмен күш жинаймын деп кесірлі кеселден көз ашпайтындар көбейген. 

Энергетикті күнде ішкен жігіттің аяқ-қолы ісіп кеткен. Әлеуметтік желіде тараған видео жұрттың зәресін ұшарды. Ал мынау бейнежазбада энергетикалық сусын ішкен адамның асқазаны тесілгені туралы жазылған.

Таңертең 16 жастағы бала жедел іштің ауырсынуымен түсті. Өзінің айтуынша, жаңа жыл түні екі горилланы (энергетикалық сусын) қатарынан ішкен. Одан іші бір күн ауырған. Содан бізге қабылдау бөліміне келіп қаралды. Науқасқа жедел түрде ота жасадық. Рентгенге түсірдік. Онда ауа жиналып, бауырға әсер еткені де байқалады. 47 минут операция жасадық.

Дәрігерлердің айтуынша, адам энергетикалық сусын ішіп, күш жинағанымен, кейін қатты шаршайды. Бірақ дәмін алып дәндегендердің құмарлығын қойғызу қиын.

ҒАЛИЯ ҚИТАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ №4 ЕМХАНАНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

Қазір көп пайдаланатын жастар, студенттер, жасөспірімдер. Бізде "Демеу" жастар орталығы бар. Оған аноним келеді біздің жасөспірімдер, студенттер. Оларға біз психологиялық көмек береміз.

Жастар шаршатпайды дейтін шәрбатты шабыт шақыру үшін ішетіндер де бар. Бірақ ешқайсысы өзін тәуелдімін деп санамайды.

АЙНҰР ҚҰРМАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жұмыс көп болған кезде немесе үлгіре алмай жатқан кезде, ұйқы қысқан кезде... осының бағасы да арзан. Содан кейін жұмыс істеп жүре беремін. Мүмкін сол жағынан қолайлы шығар? Зиянды екенін білемін, бірақ енді пендеміз ғой дейін бе... не зиян - зиян нәрсеге құмармыз ғой.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүргізген сауалнамада 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің тең жарымы осы сусынның дәмін татқан. Олардың жылдан жылға көбейгеніне депутаттар да алаңдаулы.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жуырда вейп мәселесін қарадық қой. Вейптерді таратуға толық тыйым салынды. Энергетикалық сусындардың да мәселесі де дәл сол проблема болып тұр. Денсаулыққа зиян алып келетін нәрселердің біреуін ғана шектемей, толық шектеп тастайық шектейтін болсақ. Ал енді рұқсат беретін болсақ, реттеу жағын қарайық дедік.

Әзірге депутаттар ортақ тоқтамға келмеген. Сондықтан нақты қандай шектеу қойылары белгісіз.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Қуат беретін шырынның бір құтысында 8-9 кесе кофе болады. Ал ересек адамның мөлшері күніне 1-2 кесе ғана. Ал энергетиктің 3-4 құтысын ішіп алатындар мұның зиянын ойламаса, бір күні ауруханада оянуы мүмкін дейді, дәрігерлер.