Русский Сайттың толық нұсқасы

Елбасы: Қазақстанда азаматтардың құқы қорғалған. Саяси қудалау жоқ.

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2017
  • 4419

Қазақстанда азаматтардың құқы қорғалған. Саяси қудалау жоқ. Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалдық мұражай кешеніне тағзым ете барған Елбасы осылай деді. Сонымен қатар бүгін Алматыда Президенттің тапсырмасымен ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.

АЛЖИР-ге барған адамды қасірет қақпасы қарсы алады. Темір торлары, қабаған иттері мен мызғымас күзеті - қаралы картинаның бір жұрнағы ғана. Бауырына баласын басқан әйелдердің алғашқы легі Ақмолаға 1938 жылдың қаңтарында жеткізілді. Содан кезең-кезеңмен 20 мыңнан астам әйел өткен бұл лагерден. Олардың көбі осы барактарда бақилық болды.  Президент жазықсыз жапа шеккендердің рухтарына тағзым етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

20-шы жылғы аштықтан 30 пайыз қазақ қырылған болса, 21-ші  жылдан 50-ші жылға дейінгі уақыттың ішінде 103 мың адам сотталып, 25 мың адам атылды. Қазақтың бетке ұстар азаматтары, қазақты басқарып отырған азаматтар жойылды, тамырына балта шабылды. Міне, осындай сұмдық қиыншылықтан өткен халықпыз. Осы жерде 10 жыл бұрын осы музейді сал деп, мен тапсырма бердім. Қазір көп халық келіп, аралап көріп, болған зұлматты біледі. 

1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда, түрлі деректер бойынша, үш миллионнан астам адам опат болған, ал 1931-1933 жылдары 1 миллион 700 мың адам қырылып кеткен. 1937-1938 жылдары 100 мыңнан астам қазақстандық репрессияға ұшырады. Бұл күні Алматыда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары арналған ескерткіш ресми түрде  ашылды. Ол осыдан 25 жыл бұрын ашылуы керек болған ескерткіш еді. 

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы:

Бұл жұмыстың бастамсы ғана. Ашаршылық құрбандарының санын, қажет болса, аты-жөнін анықтауымыз керек. Саяси құрбандарды да түгендеу керек. Ол Алматы мен Астанада ғана емес, облыс орталықтарында, аудандарда аты-жөні қашалған ескерткіштер болуы керек. 

Елбасы бүгінде Қазақстанда саяси қудалудың жоғын айтып өтті. Ал өткен күндердің қасіреті қайталанбау үшін, осындай оқиғаларды ұрпақ жадында ұстау керек, деді.

Айгүл Әдепбай, тілші:

20 жылдардан басталған зұлмат қазақтың қабырғасын қайыстырды. 30-33 жылдары халықтың жартысы опат болып, 1 млн адам қуғын-сүргіннен көз ашпай, елден қашуға мәжбүр болғанын, еске алды Елбасы. Аштықтан ұлттың 30 пайызы қырылып қалды. Сол ашаршылық құрбандарына қойылған бұл ескерткіш 2012 жылы ашылған еді. Қазір ол аласапыран жылдардың жазықсыздарын жылына бір рет болса да еске алып, гүл шоқтарын қоюға мүмкіндік береді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ