Русский Сайттың толық нұсқасы

Кабулдағы Қазақстан елшілігінде қауіпсіздік күшейтілді

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2017
  • 2336

Кабулдағы жарылыстан жапа шеккен екі отандасымыз ертең елге жеткізіледі. Бұл жөнінде бүгін Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі мәлімдеді. Ануар Жайнақовтың айтуынша, қуатты жарылыс кезінде олар 500 метр қашықтықта орналасқан қонақ үйде болыпты. Сондай-ақ, Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі ғимаратының терезелері сынған. Абырой болғанда, дипмиссияда зардап шеккендер жоқ, ведомство өкілдері жұмыстарын жалғастырған. Десе де, министрлік Кабулдағы елшіліктің қауіпсіздігін бұдан былай қатаң бақылауды ұйғарды.

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

1982 жылы дүниеге келген бірінің басын, ал 1991 жылы дүниеге келген екіншісінің аяғын терезе әйнегінің сынықтары жарақаттаған. Оларға медициналық көмек көрсетілді және қазір қауіпсіз жерде. Екі азаматпен де қазақстандық дипломаттар тұрақты байланысқа шығып, қажетті көмек беруде.

Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар жарылыстан зардап шеккендер арасында өзге де отандастарымыздың бар-жоғын анықтап жатыр. Ал Ауғанстан астанасында жүргендерді барынша сақ болуға шақырады.

Айта өтейік, бүгін Кабулда жойқын жарылыс болып, 80-нен астам адам жазым болды. Зардап шеккендер қатары 350-ге таяп қалған, қала ауруханаларында бос орын жоқ. Жарылысты ДАИШ лаңкестік тобы мойнына алып отыр. Әзірге жарылғыш заттарға лық толы көлік күзет астындағы дипломатиялық кварталға қалай жеткені белгісіз болып отыр.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА