Қостанай облысы тұрмыстық қалдықтарға толып қалды. Аймақтың экологиялық ахуалына алаңдаған прокурорлар осылай деп дабыл қақты. Өйткені өңірде жоюды қажет ететін қалдықтардың көлемі 4 миллион тоннаға жуықтаған. Мәселе қалай шешіледі? Заңғар Санай анықтап көрді.
Заңғар Санай, тілші:
Облыс көлемінде 310 полигон бар. Онда төгілетін тұрмыстық қалдықтардың тек 5 пайызы қайта өңделеді. Қостанай аумағында қоқыс сұрыптайтын қос кәсіпорын өкілдері осылай деп отыр. Өңірде қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт болмағандықтан, олар Ресейге жібереді.
Николай Вересович, «Атамекен 4+»ЖШС директоры:
Сұрыпталған қалдықтарды темір жол арқылы тасымалдау тиімдірек еді. Бірақ тариф қымбат. Сондықтан жол-жөнекей жүретін көліктерді іздеп, жүкті солармен Ресейге жеткіземіз. Ал Алматы қашық, өнімділігі де төмен. Естуімше, олар біздегі қоқыстың 5 пайызын ғана өңдей алады.
Қазір аймақта 4 миллионға жуық тұрмыстық қалдық жатыр. Қоқыс алаңдары жыл сайын 400 мың тоннаға толығады. Облыс орталығындағы "Солтүстік" полигоны да алдағы уақытта жабылады. Жергілікті билік басқа жерден орын іздестіріп жатқан көрінеді.
Мұрат Төлеубаев, Қостанай облысы прокурорының орынбасары:
Қазіргі қоқыс аумақтары түрлі химиялық улы заттарға толы. Олар ауаны да ластап жатыр. Облыс орталығындағы «Солтүстік» полигоны ұзаса 7 жылдан кейін жабылады. Ал оның орнына жаңа полигон салу үшін 30 га аумақ жер іздестіріліп жатыр.
Ал қалдықтарды кәдеге жарату үшін төмен пайыздық несие беру арқылы кәсіпкерлерді тарту қолға алынған. Оған құны 4 миллион теңгелік шағын қоқыс өңдеу кешендерін салу көзделіп отыр. Әзірге қоқысты пайда көзіне айналдыруға қызығушылық танытқандар табылмапты.
Жаңа оқу жылынан бастап «Дүниетану» пәніне қоқыс қауіпсіздігіне қатысты жаңа тақырып енгізілмек. Ал бұған дейін енгізілген «траш-аут» мобильдік қосымшасы нәтиже бере бастаған. Оны қалта телефондарына жүктеген қостанайлықтар қатты қалдық жатқан жерлерді суретке түсіріп, интерактивті картаға енгізеді. Осылайша қала тұрғындары 24 аумақтағы қалдықты жоюға көмектескен.
Заңғар
САНАЙ