Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда 120 жас отбасы «Жас отау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баспаналы болды

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2017
  • 5166

Атырауда 120 отбасы көптен күткен қоныс тойын тойлады. Көпқабатты жаңа тұрғын үй «Жас отау» аймақтық бағдарламасы бойынша Нұрсая ықшам ауданында бой көтерген. Әзірге бұл жобаның Қазақстанда баламасы жоқ. Баспананы жастар 3 жарым және 8 жылдың ішінде сатып ала алады. Толығырақ тілші материалында.

Жараспаевтар отбасы бүгін қоныс тойдың қамына кірісті. Ерлі-зайыпты дәрігерлер 2 кішкентай баласымен 5 жыл бойы пәтер жалдап келген. Орта есеппен ай сайын отбасы бюджетінің 50-60 мың теңгесін жалдаған пәтерге бөліп келген.

Дидар Нурхатова:

Дәрігер болып қызмет атқарамыз. Бірнеше жылдан бері баспана, квартира жалдап жүрміз. Енді осы "Жас отауға" документ тапсырып. Осындай қуанышты хабар естігеннен кейін отбасымызбен осында келіп қуанышымызды бөлісіп жатқан жайымыз бар.

Аймақта қолға алынған «Жас отау» бағдарламасы банктен ипотека алуға мүмкіндігі жоқ баспанасыз жас отбасыларға арналған. Өткен жылы осы жоба аясында 90 жанұя үйлі болған. Бағдарламаның арнайы шарттары да бар. Алдымен отбасы мүшелерінің жекеменшік жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Сондай-ақ, жанұялық бюджет 100 мың теңгеден кем түспеуі, әрі ерлі-зайыптылардың жасы 29-дан аспауы керек.

Жасұлан Бисембиев, облыстық жастар саясаты басқармасының жетекшісі:

"Жас отау" жобасын одан әрі дамытуды біздер қала орталығымен қатар аудандарда жалғастыруды жоспарлаудамыз. Қазіргі таңда бізде Жылыой, Индир, Махамбет аудандарында жоба бойынша жастарға арналған тұрғын үй құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарларымыз бар.  Келесі жылға ол жұмыстарды бастағалы отырмыз.

Бүгін жаңа пәтерлер негізінен мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұяларға, мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге, жас мамандарға, балалар үйінен шыққан жастарға, қоғамдық өмір мен спорт, ғылым саласында жетістікке жеткендерге де берілді. Бұл отбасылар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ай сайын қаржы салып отырады. Баспананың жарты бағасы жиналған соң, жеңілдікпен несиеге рәсімдеуге жағдай жасалған.

Айжан ҚУАШ