Русский Сайттың толық нұсқасы

Ет тағы қымбаттады. «Мұртынан күлетін» шаруа емес, алыпсатар...

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2017
  • 4594

Соңғы аптада ет бағасы күрт өсті. Ал, Қарағандының ет павильондарында қой еті азайып кеткен. Барында қымбат - келісі орта есеппен 2200 теңгегедейін барады. Саудагерлердің айтуынша, ет өндіретіндер малды экспортқа шығаратын алыпсатарларға сатуға тырысады. Тіпті «Қытайға, Иранға экспорттайды» деп, «жәй әңгіме емес» дегендей, мемлекеттерді санамалайды. Жылқы етінің бағасы 2 жарым мыңнан басталады. Көпшілік үшін түске кіретін азық болып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды біледі. Тіпті ...қуанады. «Қуану керек, шаруаның қиямет көріп тапқанына лайықты ақша алғаны дұрыс», -деп. Бұған келісеміз. Ауылдағы ағайынның өте ауыр еңбегінің өтеуі болуы керек. Тек...алыпсатарлардың «бүгілген саусағы түзелетініне» сенбейміз... Ал ет бағасы енді тоқтамайды. Жаңа айтқан, ет көп экспортталып жатқаны туралы ақпараттың түбі – еліміз аусылдан ада мемлекеттердің тізіміне енді. Яғни етті экспорттау арта бермек. Мынадай ақпаратты да айта кеткім келеді. Елімізде импортталған етті тұтынатындар да бар. Мысалы, сиырдың мәрмәр етін. Астанада Жаңа Зеландиядан әкелінген сондай еттің келісі 11 мың теңгеден асады. Түк қалмай өтіп кетеді екен.

Айжан Қуаш кәдімгі ет базарларындағы, тиісінше, қарапайым адамдардың асханасындағы ахуалды баяндайды. Мәрмәр ет сататындармен де хабарласқанбыз, етті түсірткісі де келмеді. Жарайды, сюжетті көріңіздер.

-  Енді етті нан сияқты жей береміз ғой, көп қолданамыз етті.

Еттің бағасы әсіресе Астана қаласында шарықтап кетті. Статистика комитетінің мәліметінше, баға жыл басынан бері 19,5 пайызға көтерілген. Яғни 200-300 теңгеге қымбаттаған. Бұл - еліміз бойынша ең жоғарғы баға. Сондықтан етсіз тамақ жей алмайтын қазақтар қаладағы коммуналдық базарларды аралап жүр. Мұнда ет басқа дүкендерден сәл-пәл арзан.

Қанат Сайлаубекұлы, Астана қаласының тұрғыны:

Кішкене қымбаттау енді.  Жаңа тағы біраз базарларға бардым. Жылқының етін алуым керек еді. 1800 дейді, 1700 ден бар. Мында 1600 ғой әне, толып тұр еттер.

Мәриям Смағұлова, зейнеткер:

Вообще все время солай қымбат. Күнде-күнде қосып жатыр. «Әлемде» ашты Көкшетаудан келген ет, өз бағасымен деп, 1 күн ғана 1350 болды, келесі күні 1600 теңге. Говядина.

Астаналықтар күніне 70 тонна ет тұтынады екен. «Шапағат» коммуналдық базарындағы сатушылардың айтуынша, жұрттың бәрін арзан етпен қамту мүмкін емес. Оның үстіне көктемгі тасқыннан кейін ауылдардағы мал да азайған. Тіпті, бар мүлкін су шайған шаруаларға қалаға ет тасу қиындап кеткен.

Айман Байтенова, сатушы:

Ценниктарымыз  тұр міне, 1500 ден қойдың еті, 1600 ден жылқының еті, 1350 ден сиырдың еті. Жылқы малының етінің сәл қымбаттағаны, су тасқыны болып жатыр. Қазір ет әкелу, мал сою деген қиын болып жатыр.

Алматыда да еттің бағасы Астанадан кем түспейді. Мұнда өнім соңғы 5-6 айда 16 пайызға қымбаттаған.

Мүбәрәк Құдайбердиева, Алматы қаласының тұрғыны:

Біз сияқты пенсионерлерге өте қиын бұл. Қойдың еті 1000 теңгеге 1 келі алатынбыз. Қазір 1300-1600 ге шығып кетті. Қымбат бәрі, фаршың да қымбат.

Ал, біздің түсіру тобының жасырын камерасына түсіп қалған мына алматылық сатушы қыз, баға еттің шет мемлкеттерге көп жөнелтілуінен шарықтап кетті,- дейді. 

- Подорожало у вас?- Да, мясо сильно подорожало. - Потому что заграницу мясо увозят.

Еттің қымбаттауы ресторан бизнесіне де кесірін тигізіп жатыр. Баға көтерілгелі дәмханаларға келушілер азайған.

Ариф Ипек, мейрамхана қожайыны:

Қазіргі жағдай, бағаның өзгеруі бизнесті әлсіретті. Соңғы кезде бізге келушілер 20 пайызға азайды. Бұрын адамдар толып отыратын болса, енді бірен –саран ғана. Жағдайды түзету үшін әртүрлі акциялар ұйымдастыруға тура келеді.

Айжан Қуаш, тілші:

Қарағандыда еттің бағасы 50-100 теңгеге дейін қымбаттаған. Яғни 5 пайызға. Сатушылардың айтуынша, бұл жаппай қымбатшылыққа байланысты. Өйткені көктемнен бері жем-шөп, жанар-жағармай барлығы қымбаттап кеткен. Сондықтан ауылдықтар маңдай терімен асыраған малдарын арзанға бергілері келмейді.

Қымбатшылықтың тағы бір себебі - алыпсатарлардың көбеюі. Сатушылардың айтуынша, жолдың нашарлығы мен алыстығын пайдаланып, ауылдан қалаға ет тасымалдаушылар көбейген. Олар шалғай аудандар мен қыстақтардағы өздері тасымалдай алмайтын мүсәпір шаруалардан етті арзан бағаға алып, қалаға қымбаттатып сатады.

Махаббат Темірбаева, сатушы: 

Биыл су алып кетті қаншама ауылдарды, жол жоқ. Қиналып отыр ол кісілер. Өздерінің ақ, адал малдарын әкеліп тапсыра алмайды. Ол кісілер бізге жете алмайды. Сосын барады жаңағыдай алып сататын кісілер. Ауылдан барып арзанға алатын шығар. Одан кейін бізге екі қолдан кейін келеді, 2-3 кісінің қолынан. Ауылдың кісілеріне көмек жасау керек.

Әлібек Тұрғынбаев, сатушы:

Қой етінің бағасы 1500, сиыр етінің бағасы 1300-1350, жылқы тоже 1500-ден алынады. Қабырға,төс,омыртқалар сол закуп бағасымен сатылады. Мұны қымбат ұстай алмаймыз. Біз енді сан еттерге кішкене қосамыз. Мякотьтар 1800-2000 мыңнан сатамыз.

Етті базарларға жеткізу қаншалықты қиын болса да, бағасы қымбаттаса да, сатылып жатыр. Рамазан айы басталғалы әсіресе, қой етіне сұраныс көбейген.

Әлібек Тұрғынбаев, сатушы:

Қазір жаздыгүні қойдың еті жақсы өтіп жатыр. Оразаның кезі. Жылқы еті де жақсы өтеді.

Қанат Мәліков, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Қазақ болғаннан кейін үйге қонақ келеді. Қымбат болса да, ет керек болғаннан кейін аламыз.

Статистика комитетінің мәліметінше, қымбатшылық барлық өңірде бар. Ет бағасы Астанада 19,5 пайызға өссе, Алматы мен Қостанайда 16, ал, Көкшетауда 14 пайызға дейін қымбаттаған. Басқа қалаларда сәл арзандау. Мәселен, Атырауда бұл көрсеткіш 12,8 пайызды, Талдырқорғанда 12, Ақтөбеде 11,7, ал, Павлодарда 6, Қарағандыда 5 пайызды құрайды.

Әлеуметтік желі тұтынушылары ет бағасының шарықтауын жаңа саудагер қыз айтқандай, еттің көп экспортталуымен байланыстырып, үлкен талқыға салған болатын. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері бұл қате пікір,- дейді.

Зейнолла Шәріпов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының міндетін атқарушы:

Біріншіден, бұл маусымдық қымбатшылық. Әдетте көктемде мал көп сойылмайды. Оның үстіне бізде ет тапсыратындар жеке меншік қосалқы шаруашылықтар екенін ескерсек, бұл заңды құбылыс. Адамдар еттің бәрі Қытайға кетіп жатыр деп жүр. Оған жол ашылғанмен, дәл қазір бар етті ешкім апара алмайды. Ол үшін Қытайда тіркеліп, рұқсат қағаздарын алу керек. Сондықтан үлкен көлемде экспорт жоқ. Керісінше, жанар-жағармай, жем-шөптің қымбаттауы әсер етеді.

Дегенмен, министрлік мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуды мықтап қолға алып жатыр. Бұл туралы министр Асқар Мырзахметов қарағандылықтармен есептік кездесуінде мәлімдеді. Оның айтуынша, Иран еліне салқындатылған қой еті мен тірі қойларды тасымалдауға арналған ветеринарлық сертификаттардың жобасы мақұлданған. Біріккен Абар Әмірліктеріне ірі қара мал мен ұсақ малды тасымалдау сертификаттарына қол қойылған. Болашақта Израиль мен Сауд Арабиясына шығу жоспары бар.

Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қазірдің өзінде Қытай нарығына балық пен балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқыларды, бал мен бал ара шаруашылығы өнімдерін экспорттауға болады. Маусым айында мұздатылған қой етінің экспорты бойынша хаттамаға қол қойылады. Сонымен бірге оларға тауарлы жылқыларды тасымалдау шарттары жасалады.

Экспорттың ұлғаюы етті бұдан да қымбаттататын фактор. Қазіргі жағдай қалыпты маусымдық қымбатшылық дегенмен, шетелдерден сұраныстың артуы ішкі нарыққа әсер етпей қоймайтынын бәрі біледі. Бұл сәтті әсіресе, тиынның татын жалаған алыпсатарлар құр жібермес. Сондықтан олар мұртынан күліп отырған шығар. Ұтылатын сол баяғы, қарапайым халық.

Айжан Қуаш, Дәуренбек Бақдәулет, Анар Нұртазина, "Біздің уақыт".